2022 жылғы президент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының алдын ала нәтижелері мен тұжырымдары туралы мәлімдемесіне ҚР СІМ пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"ЕҚЫҰ ДИАҚБ-тың 2022 жылғы Қазақстандағы президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының алдын ала нәтижелері мен тұжырымдары туралы мәлімдемеде объектив емес екені байқалады және осы уақытқа дейін республикамыздың қолдауына ие болған ұйым маңызды институт ретінде ДИАҚБ тиімділігіне күмән тудырады.
Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро (ДИАҚБ) ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің олардың қызметінде "адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық сақтауды қамтамасыз етуге, заң үстемдігі негізінде әрекет етуге және демократия қағидаттарын жүзеге асыруға" бағытталған қызметіне көмек көрсету мандаты бар екені мәлім (1992 ж. Хельсинки құжаты)", - делінген ресми жауапта.
СІМ мәліметінше, мәлімдеме ЕҚЫҰ ДИАҚБ үшін дәстүрге айналған бейтарап тұжырымдардың трафаретті және біржақты қорытындыларды қамтиды және еліміздегі ішкі жағдайды толық түсінбейтінін көрсетеді. ЕҚЫҰ ДИАҚБ бақылаушылар тобы мен оның басшылығының қызметі Қазақстан Президентінің елімізді трансформациялауға, оны құқықтық дамыған озық қоғамға айналдыруға бағытталған реформаларына қарсы достық емес көзқарасты айқын көрсетті.
"ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының дәлелсіз және фактілермен расталмаған айыптау мәлімдемесі сайлауды бақылаған барлық беделді халықаралық ұйымның қорытындыларына сәйкес келмейді, бұл оның біржақтылығын тағы да көрсетеді.
ЕҚЫҰ ДИАҚБ мәлімдемесінің мазмұны Қазақстан билігімен ұзақ мерзімді және сындарлы ынтымақтастықты дамытуға ұмтылыстың жоқтығын көрсетеді және бұл міндетті түрде бізбен ескерілетін болады", - делінген жауапта.
Айта кетейік, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның сайлау туралы мәлімдемесі жарияланған еді. Онда бюро өкілдері Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын бәсекелестіктен айырылған саяси жағдайда өтті деп баға берген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!