"Дәлелің бар ма?" Экс-депутат Серік Әбдрахманов шенді лауазымдар сатылып жатқанын Назарбаевқа да айтқан

"Дәлелің бар ма?" Экс-депутат Серік Әбдрахманов шенді лауазымдар сатылып жатқанын Назарбаевқа да айтқан
Фото: Abay live YouTube-арнасының кадры

Мемлекет қайраткері, экс-депутат Серік Әбдірахманов журналист Абай Сейфуллиннің Abay Live YouTube-арнасына берген сұхбатында Қазақстанда шенді лауазымдар қаншаға сатылатынын айтқан болатын. Оның сөзінше, экс-президент Назарбаевтың кезінде генералдың атағы 1 миллион доллар тұратын. Massaget.kz тілшісі депутаттың осы мәлімдемесіне қатысты пікірін сұрады. 

"Оны кезінде Назарбаевқа да айтқанмын"

Депутат шенді лауазымдарды сатып алу мәселесіне қатысты бір шешім барын айтады. 

"Мен бұл мәселе бір күнде шешілетін шешім көріп тұрмын. Оны кезінде Назарбаевқа да айтқанмын. Енді Тоқаев мырзаға сұранып, құпиямды ашып берейін деген ниетте едім. Бұл мәселені тоқтатуға ешкім ниет білдірмейді. 2006 жылы Назарбаевқа генералдарды айыптап, қатты үндеумен шыққанмын. Олар тергеуге қызықпайды, қызметтерін сатып алған дедім. Сөйтіп едім, Назарбаев ашуланып "сен үшін-ақ бәрі жаман, дәлелің бар ма?" деп айғайлады. "Дәлел керек пе, парақор, сыбайлас жемқорларды ұстап берейін бе?" дедім. "Иә, әйтпесе біз сені сотқа береміз" деді. "Жарайды, мені бас прокурор етіп тағайындаңыз, сонда мәселе бір күнде тыйылады" дедім. Кейін тағы президент аппаратындағылар дәлел сұрап, маған шықты. Мен "дәлелді сендерге бермеймін, қолдарыңнан келмейді. Маған құзырет беріңдер, нақты ҰҚК басшысы етіп тағайындаңдар. Тізбектеп, шынжырлап, бір отар генералды алдарыңызға әкеліп беремін" дедім. Сонымен олар тым-тырыс, намысын қорғаған генерал жоқ. Назарбаев та үнсіз қалды", - дейді Серік Әбдрахманов. 

Әбдрахманов егер қолында құзырет болса, нақты адамдарды ұстап бере алатынын жеткізді.  

Бұрынғы ұрылар кішкене шегініп, жаңа ұрыларды билікке қосты. Тоқаевтың сөзі оларға аса өтіңкіремейді. Бұл кісі төмен жақтағы саясатқа араласқан жоқ. Тек протоколмен отыр. Ал біздің нақты Қазақстанды басқарып отырған ұрылар. Мұны бірнеше ашық хатымда жария еттім. Олардың бәрі оны біледі. Маған айтар жауабы жоқ. Бүгін келсе, дәлел керек пе? Қауіпсіздік комитетін маған беріңдер, менде құзырет болады, қалай күресу керегін өте жақсы білемін. Жоғары жақ өздері де ұрлап отыр. Нақты біреудің атын айтсам, мені сотқа тартуы мүмкін. Егер мен өзім бас прокурор не қауіпсіздік комитетінің басшысы болсам бәрін ұстап берер едім.   

Мен қызметте жүрген кезімде бұлардың арасында етене араласқан жоқпын. Мен тек депутат болдым. Сондықтан маған ешкім хабарласа алмайды. Әрине, астыртын қорқады. Қазір құқық қорғау органларында әрине адал азаматтар, адал майор, капитандар да көп", - дейді экс-депутат. 

Серік Әбдрахманов шенді лауазымдарды сатып алу мәселесін шешу үшін жүйені өзгерту керегін айтады. 

"Не істеу керек? Жүйені өзгерту керек. Жемқорлықтың ең асқынған, ең сорақы түрі - саяси жемқорлық. Бұл қызмет орындарын, депутаттың, министр, әкімнің орнын сату деген сөз. Кезінде Мәжілісте осылардың тарифтерін атадым. Мен барсам (депутаттыққа-еск.) төңкеріп, быт-шыттарын шығарар едім", - дейді Серік Әбдрахманов. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина