Алматыда сел жүрген ауданда 30 жылдан аса уақыт тұрып жатқан тұрғын Айшагүл Ерманова тосын жайт қалай болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айшагүл Ерманова ауданда лай көшкіні жүргенін қалай естігенін айтып берді.
"Сағат 01.50-де маған хабарласып, "Айша, тұр, жер сілкінісі болып жатыр" деді. Бірден тұрып, киініп, сіңлімді оятып, далаға шықсам тау құлап жатыр екен. Қанша көлік келді, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Біз шыққанда ТЖ қызметкерлері келіп тұр екен. Үйінді астында қалған деген адамдарды көп көрмеппін, олар кейін көшіп келген болуы керек. Дүкенге келіп тұратын, балалары егіз", - дейді тұрғын.
Оның сөзінше, мұндай селдер жиі болып тұратын көрінеді.
"10 жыл бұрын болған. Сол кезде бір әжей қайтыс болған. Бізде де қорқыныш бар. Үйде ешкім жоқ, далаға шығып кеттік", - дейді тұрғын.
Еске салайық, 8 ақпанда түнгі сағат 2-20-да Медеу ауданы, Олимпийская көшесінің бойында техногендік топырақтың лайлануынан лай көшкіні жүргені хабарланды. Төтенше жағдай салдарынан үйлерге зақым келді. Көлемі 3200 текше метр болатын жылжыма түскен. Екі жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келген.
Кейінірек Алматы әкімі Ерболат Досаев лай көшкіні болған жерге барып, шұғыл түрде көшпелі кеңес өткізді.
Ал Төтенше жағдайлар департаменті өкілі тұрғын үйлердің бірінің астында төрт адам қалуы мүмкін екенін, оның екеуі бала, екеуі ересек адам екенін мәлімдеп, құтқару жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!