- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Далада қаңғып жүрміз"....
"Далада қаңғып жүрміз". Алматыда үйлері отқа оранған бірнеше жанұя жанайқайын жеткізді
Өтеген батыр ауылында болған жарылыстан бір апта өтсе де бұқараның базынасын тыңдап, апаттың салдарымен күресуге бірде-бір құзырлы орган келмепті. Ал қапыда қарашаңырағынан айырылған қараша "далада қаңғып қалдық" деп редакциямызға шағым түсірді. Massaget.kz тілшісі өртенген үйді өз көзімен көріп, жұрттың жанайқайын тыңдап қайтты.
Ольга Михайлова көрші пәтердегі жарылыстың кесірінен баспанасынан айырылғандардың бірі. 22 жыл тұрған пәтерінің 22 сәуір күні тапа-тал түсте күл талқаны шығарын сезбепті. Баласын мектептен алаңсыз алып келе жатқан ана алғашында тіптен не істерін білмей жылап жіберген. Бұл оқиға оның түнде түсінен, күндіз есінен кетпейді.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Қала тұрғыны Ольга Михайлова.
"Түскі сағат 13:30-дар шамасында қатты жарылыс болды. Үйімнің бәрі жанып кетті. Мен қызымды тастап бірден үйіме жүгіріп келдім. Мен не істерімді білмей жылап жібердім. Сол күні қызымды мектептен алып келе жатқанмын. Біз жарылыс болардан бұрын пәтерге кірмекші болдық. Алайда қызым менен әткеншекте ойнауды қиылып сұрады. Егер мен қызыма рұқсат бермегенде үйге кіріп жарылып кететін едік", - дейді қала тұрғыны Ольга Михайлова.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Періштесі қағыпты бүлдіршіннің. Алайда "адам шығыны болмағасын жергілікті билік жамбастарын қимылдатқысы келмейді" дейді көнбіс ел. Білгендер 4 пәтердің тас-талқанын шығарған жарылыс табиғи газдан туындағанын айтады. Өйткені көршілері оқиғадан 4 күн бұрын газ орнатқан көрінеді.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
"Мен түнгі кезекшіліктен келіп ұйықтап жатқанмын. Бір кезде жолдасым шәй ішіп жатқан жерінен қатты айқайлап жылап жіберді. 18 сәуір күні газ қондырған, 22-сі күні жарылып тұр ғой. Осы үйде тұратын апай газды қоспаған. Газ қондыратын "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ жалғап беріп кетіп қалған ғой. Ол негізі өздігінен өшіп қалу керек. Клапан істемегесін үйдің ішіне газ толған, содан жарылған. Баратын жеріміз жоқ. Келінімнің аяғы ауыр, бір балам 11 сынып оқиды. Отбасымызбен далада қаңғып жүрміз. Пәтер таппадық", - дейді Алмабек Артықбаев.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Қала тұрғыны Алмабек Артықбаев.
Осылайша жалаңдаған жалыннан жан сақтап қалғанымен "жан бағар жеріміз жоқ" деп налиды жұрт. Жергілікті әкімдік уақытша жаңа пәтер жалдауға 120 мың теңге беріпті. Бірақ бұл ақшаға Өтеген батыр ауылынан оңды пәтер табу тіптен мүмкін емес. Баспананың бағасы аспандап тұр.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Ал газ жарылған баспананың иесі шетелде тұрады екен. Қараша үшін қайғылы жағдайдан кейін елге келген. Алайда біз барғанда төбе көрсетпеді, телефон шалып та байланыса алмадық. Ал тұрғындар үй иесі газ жүргізген компаниямен келісімге келмекші деп қауіптенеді. Қорқуға себеп те жоқ емес. Себебі өрттен бері бір апта өтсе де өлерменнің күйін кешкен елдің талабын тыңдауға тірі жан келмепті.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
"Біз 7 күннен бері не істерімізді білмей жүрміз. Пәтердің иесі Полина газ жүргізген мекемемен сотқа жүгінбей, өзара келісімге келудің қамын жасап жүр. Ол пәтерді жөндеп, сатып жібермекші. Ол кәсіпкер ғой, қалада бірнеше пәтері бар. Ал түптеп келгенде мұнда тұратын біз. Біз жоғарғы қабатта тұрамыз. Ал бұл үйдің құлап кетпейтініне кепілдік бар ма? Оның үстіне сейсмикалық аймақта тұрмыз. Түнімен ұйықтай алмаймыз", - қала тұрғыны Валентина Кузерова.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Оқиға орнына көзді ашып-жұмғанша жеткен өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Мұны ел де мойындап отыр. Әйтпегенде бес қабатты үйдің қаңқасы ғана қалар ма еді?! Кім білсін. Ал бір аптадан бері алашапқын болған ағайынға байыз таптыратын ақпаратты Төтенше жағдай департаменті айтты.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
"Бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатында болған өрт 14:49-да сәтті оқшауланып, құтқарушылардың жедел әрекеттерінің арқасында 15:06-да жойылды. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД жеке құрамының 12 адамы және үш техникасы қатысты. Өрт 58 шаршы метрді шарпыған. Газ-ауа қоспасының жарқылы нәтижесінде екі адам ауруханаға жатқызылды. Жарқыл кезінде ішкі қабырғалар, үшінші кіреберістің үш пәтеріндегі бөлмелер зақымдалды. Оқиғаның себебі анықталды. Осы оқиға бойынша материалдар Іле ауданының полиция басқармасына берілді", - делінген хабарламада.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Ал заңгер Ғабит Өмірбек мұндай жағдайда қылмыстық іс тіркеліп, пәтер иесі мен газ компаниясы сотқа дейін баруы мүмкін екенін жеткізді.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Заңгер Ғабит Өмірбек.
"Ең әуелі ТЖД жарылыстың неден болғанын анықтайтын арнайы сараптама тағайындайды. Яғни пәтер иесі кінәлі ме, әлде газды дұрыс орнатпаған компания кінәлі ма анықтап алу керек. Сараптама нәтижесін ПД-не тапсырады. Олар осы іс бойынша тергеуді бастайды. Газды орнатқандар кінәлі болған жағдайда "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ басшысы күдікті ретінде танылады. Бұл жағдайда 4 пәтердің иесі де жәбірленуші болады. Ал егер өртке пәтер иесі кінәлі болса онда барлық шығынды сол адам өтейді", - дейді заңгер Ғабит Өмірбек.
фото: Massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Ал құқық қорғау орындары мәселеге орай "Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады" деп қысқа қайырды.
Қапыда қарашаңырғынан айырылған ел бір аптадан бері пәтер іздеумен сабылып жүр. Бірақ барлығы бір айда қалыпқа келеді дегенге бұқараның сенгісі жоқ. Ал жергілікті әкімдіктің демеушілердің есебінен берген 120 мың теңгесі келесі айда қарашаның қалтасына түсер-түспесі белгісіз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов