Талдықорған қаласында өзінің бұрынғы жігітінен зәбір көрген Адина Хуанбекқызы редакциямызға эксклюзив сұхбат берді. 1,5 сағат жансақтау бөлімінде жатқан қыз жігіті мұндай әрекетке қызғаныштан барғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сағат 3-ке таман жұмысқа келдім. Ол келіп менен кешірім сұрады. Алайда мен барлығы бітті, қарым-қатынасты доғарайық дедім. Араша түскендер сұлулық салонында жұмыс істейді. Илияс мені соғып, жерге құлатып, тұншықтырып жатқан кезде мен аяғыммен столды тебе бастадым. Олар сол дауысты естіп жүгіріп келді. Дәл сол уақытта ол менің тамағымды кеңсе пышағымен кесіп жатты", - дейді ол.
"Полиция бөлімшесінде таныстары бар"
Адинаның айтуынша, қаскөйдің бұл алғашқы азғындық әрекеті емес екен. Бұған дейін де бірнеше мәрте қол көтерген сәттері болыпты.
"5 маусым күні артымнан аңдып, баламды балабақшаға апарып, ауруханаға барған кезімде сыртта ұстап соққаны бар. Сол күні арыз жаздым. Мен сол күні медециналық сараптама тапсырдым. 10 күннен кейін қорытындысы шықты. Арызымды қабылдап, 4 шілде күні сот отырысы өтті. Кешірім берген жоқпын. Оны 7 күн қамауға алды. Сондай-ақ, сот шешімі бойынша 3 айға дейін маған жақындауға болмайтын еді. Алайда ол ұйғарымды бұзды. Мен 102-ге хабарласқанымда, оған тек ескерту жасады. Себебі полиция бөлімшесінде оның таныстары бар", - дейді ол.
Жәбірленуші бұрынғы жігітінен 5 ай бойы қорлық көріп келіпті. Қарым-қатынасты тоқтатқысы келсе, жігіті өз-өзіме қол жұмсаймын деп қорқытады екен.
"Аккумулятор зауытында күзетші болып істеген. Біз 2-3 айдай кездесіп жүрдік. Ерсі қылықтарын көрсете бастағаннан кейін мен қарым-қатынасты тоқтатқым келді. Бірақ менің қолымнан келмеді. "Мені тастап кетсең өз-өзімді өлтірем және барлығына сені кінәләймын" деп қорқытты. 5 айдан бері әлімжеттік көрсетіп келді. Артымнан аңдып, үйіме келіп жүрді. Жергілікті учаскелік полиция бөлімшесіне 10 қазан күні арыз жазған болатынмын. Полиция қызметкерлеріне ескерттім", - дейді жәбірленуші.
Адина Хуанбекқызы жігітінің бұрын психотроп шөптерді қолданғанын естіпті. Алайда көз алдында мұндай әрекетін көрсетпегендіктен сөйлесе бастаған. Оның сөзінше, жігітінің өзіне қол көтеруіне қызғанышы себеп болған.
"Кеңсе пышағымен маған шабуылдаған кезде ақыл-есі дұрыс болды. Қызғаныштан осындай әрекетке барды. Ол оқиғаны өз ойынан шығарып, өзі соған сеніп қалады. Содан кейін маған тиісе бастайды. Біз кездеспей тұрып психатроптық шөптер қолданады деп естігенмін. Бірақ менің көзімше ондай әрекет жасаған емес. Жұмысында Исламбек деген кісі бар екен. Мен өмірі көрген адам емес. Танымаймын мүлде. Сол Исламбектің әлдебір бойжеткенмен отырғанын көріпті. Сол қызды мен деп елестеткен. Оқиға болған кезде мен провакация жасамадым. Тек ашуланғаннан жұмысыңа барып Исламбекпен танысамын дедім. Содан кейін оның тарапынан түрлі кемсітулер болды. Ақыры осындай жағдаймен бітті", - деді ол.
Адина қазір жағдайының өте ауыр екенін айтты. Осындай зәбір көре тұра қылмыстық істің не себепті "бұзақылық" бабымен қозғалғанын түсінбейді. Ендігі талабы қаскөй лайықты жазасын алсын дейді.
"Жағдайым өте ауыр. Мидың шайқалуы болды. Қазір ауруханада емделіп жатырмын. Психологиялық жағдайым әлі қалыпқа келмеді. Бойымды қорқыныш пен үрей билейді. Мен оны (бұрынғы жігіті) ұстап, 2 күннен кейін босатып жібергенін білген жоқпын. Жедел-жәрдемге өзім хабарластым. Менің балам бар, балам үшін өлтірмеші" дегеннен кейін ғана әрекетін доғарды. Полиция қызметкерлері бұл мәселеге қатысты ешқандай әрекет атқарып жатқан жоқ. Мен өзім оларға хабарласып, жағдайды біліп жүрмін. Не үшін істің "бұзақылық" бабымен қозғалғанын түсінбеймін. Ол лайықты жазасын алуы тиіс", - дейді ол.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!