"Дабыл қағатын уақыт келді". Депутат Базарбек елге алдағы жылдары төніп тұрған қауіп туралы айтты

"Дабыл қағатын уақыт келді". Депутат Базарбек елге алдағы жылдары төніп тұрған қауіп туралы айтты
Фото: Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

2040 жылы елімізге 15 млрд текше метр су жетіспейді. Салдарынан таза ауыз 50 пайызға азаяды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

"Әріптестер, дабыл қағатын уақыт келді. Су – өмірдің өзегі, тіршіліктің көзі. Оны тиімді пайдалану, барынша үнемдеу өте өзекті. Біріншіден, 2040 жылы елімізде су тапшылығы 15 млрд текше метр болады. Бұл – шамамен Арал теңізіне пара-пар су. Еліміз таза ауыз су ретінде пайдаланатын судың көлемі кемі 50 пайызға азаяды. Сонда әрбір екінші қазақстандық ауыз сусыз қалады деген сөз емес пе?! Ал ауыз сусыз адам 3 күн ғана өмір сүретін білесіздер. Бұл – өте қауіпті", - деді Бақытжан Базарбек.

Екіншіден, қазақ даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады.

"Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге осы шешілер емес. Табиғаттың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Мәселен, Кеңес кезінде әрбір совхоз жауын-шашын мен қар суын жинайтын. Шағын су қоймалары болатын. Өйткені, оның бәрі – ішкі су қорымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бірақ бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді", - деді ол.

Депутат сөзіне бірнеше дәлел келтірді.

"Мысалы, ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 су қоймасы, 219 дамба, 119 су торабы, 313 тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і иесіз екен.

Су қоймалары – ең басты стратегиялық нысан. Сондықтан еліміздегі мұндай маңызды су сақтау нысандарының көпшілігінің жекелешеленіп кеткендігі бізді қатты алаңдатады. Су қоймалары мен көлдердің қожайындарының не істеп, не қойып жатқаны белгісіз. Олардың қаншалықты тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Жеке меншік нысан болғаннан кейін оның аумағына ешкім бас сұқпайды. Мемлекеттік бақылаудан да тыс қалып жатыр", - деді Бақытжан Базарбек.

Оның айтуынша, табиғи жолмен қалыптасқан көлдер жер телімі ретінде беріліп кеткен.

"Қожайындары көлдерді қоршап, халықтың наразылығын тудыруда. Бұл кемінде 5-6 облыста кездесетін жағдай. Сондықтан еліміздегі осындай нысандарға толықтай түгендеме жасап, жай-күйін нақтылау керек. Қажет болса, оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмес іс. Су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар. Мәліметтер бойынша, Қазақстанда шамамен 3,5 мыңдай магистралдық және шаруашылық каналы бар. Олардың жартысынан астамының әбден тозығы жеткен. Соның салдарынан 60% су құрдымға кетіп жатыр. Бұл – үлкен шығын. Демек, бар судың өзін ысырап етіп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз. Нағыз үнемдеу осы жерде.

Жалпы каналдардың кімнің иелігіндегі екені де анық емес. Судың сұрауын сұрайтын кез жетті. Қасым-Жомарт Кемелұлының осыған ерекше назар аударып, каналдарға қатысты берген тапсырмасы өте орынды. Оны толық қолдаймын. Судың жайы бәрімізді де алаңдатып отыр", - деді депутат.

Ол мәселенің маңызын ескеріп, AMANAT партиясы жанынан арнайы комиссия құруды ұсынды.

"Партияның "Жер аманаты" аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады. Әріптестер, Сіздерді осы ұсынысты қолдауға шақырамын", - деді Бақытжан Базарбек.

Депутат аталған мәселелердің маңызын ескеріп, төмендегі шараларды қолға алуды ұсынды:

1. Еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу;

2. Су ресурстарын ұтымды пайдалану маңызды.

"Халқымыз "Судың да сұрауы бар" деп бекер айтпаған. Сондықтан бұл салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуға тиіс деп есептеймін", - дейді депутат.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz