Черногорияның Цетине қаласындағы дәмханаға келушілерге оқ атқан ер адам өзіне-өзі қол жұмсады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі RTCG арнасына сілтеме жасап.
Бұқаралық ақпарат құралдары жергілікті билікке сілтеме жасап, оқ атқан құрбандар саны 10 адамға жеткенін нақтылайды. Олардың екеуі балалар.
Елдің Ішкі істер министрлігі оқ жаудырған күдіктіні іздеу және ұстау операциясының сәтті өткенін хабарлады. Анықталған ақпаратқа сәйкес қылмыскер Ацо Мартинович есімді азамат болып шықты. Ол қамауға алу кезінде өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Бірақ азамат ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды.
Цетинедегі қайғылы оқиғадан кейін Черногория билігі қаруды иеленуге тыйым салу және қаруды заңсыз сақтағаны үшін жазаны қатаңдату туралы талқылай бастады.
Еске салайық, бұған дейін Черногорияның Цетине қаласындағы дәмханалардың бірінде атыс болып, салдарынан бірнеше адам қаза тапқанын жазған едік. Алғашында жеті адам қайтыс болды деп хабарланды.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, кафеде төбелес шығып, одан кейін сол жердегі ер адамдардың бірі қару алып, келушілерге оқ жаудырған.
Черногория үкіметі сәрсенбі күні кешке қайғылы оқиғаға байланысты алдағы күндері үш күндік қаралы күн жариялады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!