Черчесовтің француз тілі туралы әзілі: министр мәселені одан әрі өршіте бермеуге үндеді

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің орынсыз әзілі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, Станислав Черчесовтің француз тіліне"қатысты қалжыңы орынсыз болды.

"Мұны Қазақстан футбол федерациясы да, бапкердің өзі де бек түсінеді. Дегенмен Черчесовтің басты міндеті – ұлттық құраманы жаңа деңгейге шығару. Ендеше, оған ең алдымен кәсіби қызметіне қарап баға беруге шақырамын", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ведомство басшысы сонымен бірге мәселені одан әрі өршіте бермеуге үндеді.

"Біз - қашаннан қонақжай, дархан мінезді, кешірімді елміз. Бізді мықты ел ететін де осы қасиеттер. Сондықтан мәселені одан әрі өршіте бермей, халқымызға тән кеңпейілдік танытқанымыз абзал. Кез келген даулы мәселені ақыл-парасатпен шешетін толерантты, өркениетті, яғни дана қоғам екенімізді көрсете білейік. Станислав Черчесов - халықаралық деңгейдегі танымал футболист әрі 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіби жаттықтырушы. Сондықтан ол түбінде қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құраманы қазіргі күрделі кезеңнен абыроймен алып шығады деп сенемін. Бәріміз мүддесі ортақ футбол жанашырлары ретінде бір-бірімізді қолдап жүрейік!", - деді ол.

Еске салайық, Алматыдағы Словениямен ойыннан кейін ресейлік маман қалжыңдамақ болған. Журналистердің бірі сұрақты қазақша қойды, ал Черчесов "Сен қазір французша сөйлеп жатсың ба?" деп бөліп тастаған.

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшысы Әділет Бәрменқұлов ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тіліне қатысты әзілі үшін қандай шара қолданылғаны туралы айтты.

"Первый спорт" телеграм-каналының хабарлауынша, Черчесовке 147 мың рубль немесе 738 400 теңге айыппұл салынды, бұл - 200 АЕК.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз