Чемпионнан министрге дейін: Жаңа министр Мырзабосынов туралы не белгілі?

Чемпионнан министрге дейін: Жаңа министр Мырзабосынов туралы не белгілі?
Фото: instagram.com/yerbolmyrzabossynov_official

Күні кеше тағайындалған Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында ант берді. Massaget.kz тілшісі Париж Олимпиадасынан кейін орнынан босатылған Ермек Маржықпаевтың орнына тағайындалған Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов туралы ақпараттарды ұсынады.

"Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында, өз Отаным – Қазақстан Республикасының экономикалық және рухани даму ісіне өзімнің барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі және дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін көтере беруге ант етемін", - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Чемпионнан министрге дейін

Қай жақтың тумасы?

Жасы 40-та, 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келіпті. Үйленген, Әлихан және Әмина есімді екі баласы бар.


instagram.com/yerbolmyrzabossynov_official

Білімі қандай?

Семей мемлекеттік педагогикалық институтында оқыған, Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін де бітіріп алған, Ербол спортта ғана емес, шыңдарды саясатта да бағындарғысы келгені анық, кейін ол Қазақ спорт және туризм академиясын тәмәмдаған - көшбасшы ретінде қалыптасуының іргетасы осы кезде қалана бастаған.

Спорттағы жетістіктері

Қазақ күресінде оның денесі ғана емес, рухы да шынықса керек - 2010 жылы Ербол Мырзабосынов Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Спорттық алаңдағы жетістіктерін әлемде де бағасын тапса керек – Ербол халықаралық деңгейдегі спорт шебері екен. Мұрағаттағы видеолардың бірінде оны роупджампингпен айналысып жатқанын көруге болады. Сол кезде де, "Қайта туылғандай керемет сезімдемін!" – деп айтқан ол өмірдің әрбір сәтін батылдықпен қабылдауға дайын екенін көрсеткен.


instagram.com/yerbolmyrzabossynov_official

Басқарушылық қабілеттері

Ерболдың басқарушылық қызметте де тәжірибесі бар екен: 2020-2021 жылдары Qazaq kuresi қауымдастығының басқарма директоры болған, 2023 жылдың шілдесінен бастап осы қауымдастықтың президенті болып сайланды. Оның басшылығымен Қазақ күресінің бірыңғай ережелері бекітілді және ол мектеп бағдарламасына қазақ күресін енгізуді ұсынды.

Айта кетейік, Ермек Маржықпаев 31 тамызда Туризм және спорт министрі қызметінен босатылды. Бұл шешім Мемлекет басшысының Париж Олимпиадасы жүлдегерлерімен кездесуінде айтқан сындарынан кейін қабылданды. Президент соңғы бес жылда спортқа бөлінген қаржының екі есе өскеніне қарамастан, нақты нәтижелердің жоқтығын, сондай-ақ, өңірлердің спортты дамытуда өз беттерінше шешім қабылдау тәжірибесінің тиімсіздігін сынға алды. Бұған қоса, спорт саласында орын алған жемқорлық фактілері де басты назарға алынды. Президент Үкіметке жағдайды бақылауға алып, спортқа қатысты мекемелердің барлық деңгейіндегі басқару вертикалін қалпына келтіруді және жемқорлықпен күрес шараларын күшейтуді тапсырды.


instagram.com/yerbolmyrzabossynov_official

Ербол Мырзабосыновтың жаңа министр ретіндегі басты міндеттерінің бірі – спорт саласындағы осы олқылықтарды жою, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және елдегі спорттық нәтижелерді жақсарту болмақ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz