Желіде Елдос Сметовқа қатысты видео пайда болды. Онда спортшының Париждегі Олимпиада басталмай тұрып, 3 ай бұрын қағазға арманын жазғаны көрсетілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл видеоны актер Асылхан Төлепов жариялаған. Онда Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов Елдостың қағазға жазған арманын көрсетеді.
"Осыдан 3 ай бұрын Елдос келіп, "Елдос Сметов. Чемпион. Париж. Алла қаласа" деп жазып кеткен. Сонда өзіне сенімді болып тұр ғой. Өзіне сенімсіз адам олай айтпайды. Чемпион боларына сенімді болған ғой", - дейді видеодағы ер адам.
@tolepovassylkhan #елдоссметов #чемпион #олимпиада2024 ♬ оригинальный звук - Асылхан
Чемпионның бұл әрекетіне журналист Көсемәлі Сәтібайұлы пікір білдіріп, әлем чемпиондарының арман жолындағы қызық ақпаратын бөлісті.
"Чемпиондар өмірінің кейбір қызықтары. Афина Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер Кубогінің иегері Бақтияр Артаевты гректер еліне шығарып салушылар мен қарсы алушылардың бірімін. Мақалалар да жазылған. Сол мақалаларды дайындау барысында әкесімен, анасымен сөйлескем. Сонда анасы Тұмаркүл "Мынау Бақтиярымның кішкентай кезінде жазғаны" деп дәптердің бір парағын көрсеткен. Ұмытпасам ол "Бокс. Нан" деген сөздер екені есімде. Содан бері 20 жыл өтіпті. Елдос та, міне, арманын жазыпты. Ең қызығы, екеуінің де армандары орындалды. Дүние тылсымдары көп қой", - деп жазған журналист.
Айта кетейік, қазақ дзюдошысы Елдос Сметов Парижде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанған еді. Отандасымыз финалда француз дзюдошысы Лука Мхеидзеден айласын асырды. Елдос қарсыласын негізгі уақытта-ақ жеңіп шықты. Белдесу аяқталуға бір минут қалғанда вазарри әдісін сәтті орындады.
Финалдық белдесуді Франция президенті Эммануль Макрон арнайы келіп тамашалады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!