- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тағайындау
“Челсимен“ матч кезіндегі жанжал: Орталық стадионды қазір кім басқарады?

Алматыдағы Орталық стадионға уақытша басшы тағайындалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматының спорт нысандары дирекциясы Марк Бейдали Алматының Орталық стадионы менеджерінің міндетін атқарушы болып тағайындалғанын хабарлады.
"Уақытша тағайындау стадионды тиімді басқаруды қамтамасыз ету және қаланың спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында жүзеге асырылды", - деп хабарлады ведомство.
Фото: Qonaev-gorod
Марк Бейдали 1996 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясының нарық институтын "Қаржы және экономика" мамандығы бойынша бітірген. Бұған дейін бірнеше мемлекеттік құрылымдарда басшылық қызмет атқарған, мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда басқарушылық тәжірибесі бар.
2023 жылы ҚР ТЖМ "Селезащита строительство" РМК директоры қызметін атқарған. Сол жылы Қонаев қаласы әкімдігіне қарасты "Жасыл қала Қонаев" ШЖҚ МКК директоры болып тағайындалды.
2019 жылы "Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы" АҚ-да басқарушы директор қызметін атқарған.
Алматы құрылыс басқармасының мәліметінше, 2025-2026 жылдары Орталық стадион жергілікті бюджет есебінен қайта жаңғыртылмақ.
"Биыл Engineering, Procurement, Construction (ЕРС) бағдарламасы аясында қайта құру жобасын әзірлеу басталады. Мердігер ұйым мемлекеттік сатып алу нәтижесінде анықталады. Жобаның құны мен мерзімі мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін белгілі болады", - деп нақтылады ведомство.
Еске салайық, Орталық стадионның бұрынғы директоры Бауыржан Жұмажанов 12 желтоқсанда "Астана" мен "Челси" арасындағы матч алдында стадионды қардан тазарту мәселесіне байланысты туындаған даудан кейін қызметінен босатылған еді.
Кейінірек Бауыржан Жұмажанов өз шындығын айтып, Massaget.kz тілшісіне сұхбат берген еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лес