Жастар жылында жасалып жатқан игі бастамалардың қатары жаңаөзендік жастардың жұмыстарымен толықты. "Жақсылық жаса" челленджінің аясында өңір студенттері қала көшелеріне нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер жазылған тақтайшалар орнатқан.
Бұл жобаны жүзеге асырған жастардың мақсаты – бойға рух беретін әсерлі, ғибратты қазақы сөз арқылы қазіргі жастардың патриоттық сезімін ояту, өз ұлтын сүюге тәрбиелеу. Бұдан бөлек, ою-өрнекпен әрленген әдемі дизайндағы тақтайшалар арқылы қалаға көрік беру. Сәуір айында Жаңаөзен қаласына дәл осындай 20 тақтайша орнатылыпты. Белсенділердің айтуынша, бұл көрсеткіш алдағы уақытта артатын болады.
Жастарға қолдау білдіріп, жобаның іске асуына қол ұшын созған жандардың бірі – Орынбасар Сеитов. Ол кісінің айтуынша, жастар жылында кретивті, заман талабына лайықталған дүниелерді жасауға талпыну керек.
"Биыл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына 2 жыл толды. Жаңаөзен қаласының жастары елімізді бірлікке, ынтымақтастыққа, сыйластыққа, адамгершілікке шақыратын нақыл сөздерді жазып, қала көшелеріне іліп қойды", - дейді жастар жанашыры.
Жоғарыда айтып өткен "Жақсылық жаса" челленджінің аясында жаңаөзендік белсенді жастар қазіргі қоғамдағы әлеуметтік мәселелелерді шешу үшін түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырған. Соның ішінде атап айтарлық жағдай, қайырымдылық шараларынан түскен 1 млн теңгеге мүгедек жандарға арнап пандус орнатқан. Жаңаөзендік жастар барлық қазақстандықтардан бұл челленджді әрі қарай жалғастыруды сұрайды. Қатарластарын жақсылық жасап жарысуға шақырған белсенділердің жұмысына тек сәттілік тілейміз.