Бас әскери прокурор Дастан Секенов өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың өтінішіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дастан Секенов Владислав Челах жыл сайын халыққа мәлімдеме жасап, бұрын белгісіз болған жайттарды хабарлауға дайын екенін, алайда бұл мәлімдемеде жаңалық жоғын айтты.
"Челахқа қатысты сот үкімі 2012 жылы заңды күшіне енді. Одан кейін қанша уақыт өтті. Кейін ол белгіленген тәртіппен Бас прокуратураға, Бас әскери прокуратураға және Жоғарғы сотқа шағымданды. Ол жаңа дәлел келтірмеді. Сондықтан біз бұл өтініштерді қанағаттандырмадық. Бұл жағдайға қатысты жаңа ақпарат та жоқ. Жыл сайын ол халыққа мәлімдеме жасап, жаңа мәліметтер жариялайтынын айтады. Бірақ онда жаңа ақпарат жоқ", - деді Дастан Секенов.
Журналистер Челахтың 10 жыл өте де, сот үкімімен неге келісе алмайтынын және тергеу органдары істі тергеуде бірнәрсе жіберіп алуы мүмкін бе деп сұрады.
"Бұл адамның психологиялық ерекшеліктеріне байланысты болуы мүмкін. Адам үшін жаппай кісі өлітру қалыпты жағдай емес", - деп жауап берді ол.
Бас әскери прокурор Челахтың психологиялық тұрғыдан тексерілді ме деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, белгіленген тәртіп бар және сотталушы мерзімді түрде тексерілуден өтеді, оның барлық шағымы құзырлы органдарға жіберіледі.
"Сараптама бойынша, ол психикалық тұрғыда сау деп танылды, бірақ тұлғалық қасиеттер бар. Иә. Мен процесске қатыстым, ол ашық өтті, барлық қылмыстық-процессуалдық норма сақталды", - деді ол.
Қазақстан тарихында көп адамның өлімі бойынша сотталушы бұған дейін хатында қанды "Арқанкергеннің" бұрын белгісіз болған жайттарын хабарлауға дайын екенін мәлімдеген болатын. Енді 10 жыл бұрынғы істің архив материалдары Бас прокуратурада қаралады.
Еске салайық, 2012 жылғы мамырда Алматы облысындағы биік таулы шекара бекетінде 14 шекарашы мен қорықшы өлі табылған болатын. Арқанкергеннің он бесінші әскери қызметкері Владислав Челах бірнеше күннен кейін табылды. Ол басты күдікті болды. Сол жылғы желтоқсанда сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Тағы да оқи отырыңыз: Жасушаларды алғаш көрген ғалым кім?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!