Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда қысым мен жазалаудың орнына қандай ынталандыру енгізілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірден бірнеше пилот жобасы - фискалды чектер үшін 2% кешбэк және цифрлық теңге арқылы ҚҚС-ты қайтару - цифрландыру бизнеске қауіп емес, керісінше көмек екенін көрсетті. Сонымен қатар, бұл жасырын табысты азайтуға жақсы құрал болды.
Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің директоры Қадыр Ысмағұловтың айтуынша, наурыздан бастап елде халыққа арналған салық құралы - фискалды чек үшін 2% кешбэк іске қосылды. Яғни сатып алушы чектегі QR-кодты телефондағы қосымша арқылы сканерлейді, содан кейін сатып алған ақшасының 2%-ын қайта алады.
"Алғашында бұл халыққа арналған жағымды бонус сияқты. Бірақ бұл - кәсіпкерлерді де қолдаудың қуатты күші. Тұтынушылар өздері чек талап ете бастайды, бизнеске енді айналымының ашық екенін дәлелдеудің қажеті жоқ, ал адал жұмыс "жасырын схемалардан" ұтылмайды. Негізі, азаматтар өз еркімен және өзіне пайдасы үшін салық тәртібін бақылауға көмектесетін адамға айналады.Бұған қоса сатушы мен салық органдары арасында жанжал шығатын себеп те азаяды - бәрі автомат түрде тіркеледі. Нәтиже де жақсы: жоба 12 облыстың 48 ауданында жұмыс істеп тұр. Пилот кезінде 540 мың чек сканерленіп, жалпы сомасы 7,2 млрд теңге болды. Халыққа 145 млн теңге кешбэк төленді. Ал өңірлерде соғылған чек саны 148% көбейді", - деді Ысмағұлов.
Мұндай нәтиже бұл жобаның арқасында бизнес тексеріссіз, қысымсыз-ақ көлеңкеден шыға бастағанын білдіреді. Бөлшек сауда "тазарып" келеді, өйткені бұлай істеу тиімді әрі қауіпсіз.
Қауіпсіз есеп айырысу және ҚҚС-ны тез қайтару жолы
МКК аудит департаменті басшысының айтуынша, кәсіпкерлердің ең үлкен қиындығының бірі — ҚҚС-ты қайтару мәселесін цифрлық теңге арқылы шешу жоспарланған.
Еске салайық: 2024 жылдың IV тоқсанынан бастап экспорттаушылар пилот режимде ҚҚС-ты бұрынғы 75–90 күннің орнына 10 күнде, салық тексерісінсіз қайтара бастады. Бұл цифрлық теңгенің қауіпсіздігі арқасында мүмкін болды: оның таңбаланған бөлігі (бұл жағдайда - ҚҚС) қолма-қол ақшаға айналмайды және мақсатсыз жұмсалмайды. Ол тек электрон шот-фактуралар бойынша жеткізушілермен есеп айырысуға және бюджетке төлеуге "бағдарламаланып" қойылған.
"Цифрлық ҚҚС басқа мақсаттарға пайдаланылмайды, бұл қаражат қорғалған. Пилотқа қатысушыларға 95,6 млн теңге қайтарылды, ал механизм жақын арада, соның ішінде мемлекеттік сатып алуларға қатысушылар үшін де кеңейтіледі. Құжат қоғамдық талқылаудан өтті және Әділет министрлігінде тіркеуге дайындалып жатыр", - деп нақтылады Қадыр Ысмағұлов.
Кәсіп үшін де бәрі түісінкті: тәуекел азаяды, ал төлемдер мен есеп айырысу анығырақ, тұрақтырақ болады. Ал салық қарызын өтеу үшін пайдаланылатын, иелігі шектелген мүлікті (мысалы, тартып алынған/қамауда тұрған мүлік) бағалау кезінде Мемлекеттік кірістер комитеті бұрын көп адам күші кететін жұмысты жасанды интеллект арқылы істей бастады.
"Бұл пилот қарашадан бастап іске қосылды. Ол бағалау тәртібін бірдей жүйеге келтіреді, мүліктің бағасын әдейі төмендету немесе тым көтеріп жіберу сияқты қателіктерді азайтады және уақытты да, жұмыс күшін де едәуір үнемдейді. Қазірше ЖИ арқылы 4 көлік құралы бағаланды, олар "ПКҚ" АҚ-ның электрон алаңы арқылы сатуға дайындалып жатыр", - деді аудит департаментінің директоры.
Салық қызметі ЕАЭО шекарасындағы, кеден бекеті жоқ автокөлік өткізу пункттерін де цифрландырды. Пилот ретінде "Айша биби" өткізу пунктіне электрон шлагбаум, нөмірді танитын камералар және бақылау жүйелері орнатылды. Сонымен қатар, Sandyk Beket деген ақпараттық жүйе енгізілді: ол шекарадан өтудің нақты уақытын тіркеп, бақылаудағы артық тексерулерді анықтауға көмектеседі. Бұған қоса, Қазақстан мен Қырғызстан тауарға қатысты құжаттармен алдын ала алмасуды бастады.
Қазір "жұмыс режимінде" 10 экспорттаушыға электрон ілеспе жүкқұжаттар жіберілді, ал қырғыз тарапынан электрон шот-фактуралар әді жетпеген. Меморганның айтуынша, бұл шаралар өткізу мүмкіндігін арттыруға, жемқорлық тәуекелін азайтуға және шекарада жүк көліктерінің кептеліп қалуын болдырмауға бағытталған.
Мобильді топтардан кадр даярлауға дейінгі жол
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап шекара маңындағы 9 облыста және республикалық маңызы бар 3 қалада кедендік мобильді топтар жұмыс істей бастайды. Ол үшін Кеден кодексіне көлікті тоқтатудан бастап тексерудің техникалық құралдарын пайдалануға дейін олардың өкілетін кеңейтетін түзетулер енгізілді. Тиімділік трассадағы камералар деректері мен өлшеу таразылары арқылы күшейтіледі. Тексерулер фото/видео тіркеу негізінде автомат түрде жүргізіліп, электрон СНТ деректерімен салыстырылады.

МКК мәліметінше, жүйе қазір сынақтан өткізіліп жатыр. Арнайы ұйымдастырылған "жасанды" тасымалдар кезінде жүйе маршруттан ауытқу және салмақ көрсеткіштерін бұзу деректерін анықтаған. Алдағы уақытта жанармай құю станцияларын да қосу жоспарланып отыр: олардан камералар арқылы жүк көліктерінің мемлекеттік нөмірлері туралы деректер беріліп отырады. Бұл шаралар жалған транзит схемаларын толық жабуға көзделген.
"Цифрландыру мен жасанды интеллектіні қосуға қарамастан, бұл шешімдермен жұмыс істейтін адамдарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Nazarbayev University-мен бірлесіп студенттерге арналған тәжірибенің жаңа форматы іске қосылды. 100-ден аса адам таныстырылым кездесулеріне қатысты, іріктеу нәтижесінде 22 студент мемлекеттік кірістер органдарында тәжірибеден өте бастады. Тәжірибе оқуымен қатар жүреді: студенттер нақты бағыттарды таңдап, МКК-ның шынайы аналитикалық және цифрлық құралдарын пайдаланады, өткізу пункттері мен кеден нысандарына барып қатысады. Мұндай тәсіл жастарда жүйеде жұмыс істеуге тұрақты қызығушылық қалыптастырып, кадрларды жаңа цифрлық шындыққа сай дайындауға мүмкіндік береді", - деп түйіндеді Қадыр Ысмағұлов.

Осылайша, МКК Аудит департаменті директорының сөзінше, нәтижесінде жеке-жеке пилот жиынтығы емес, тұтас модель қалыптасып жатыр: қолмен тексеру азаяды, автоматтандыру көбейеді, есеп-қисап ашық әрі түсінікті болады, ал азаматтар белсенді бола бастайды. Оның айтуынша, бүгін "проактивті мемлекет" идеясының іс жүзіндегі көрінісі дәл осылай жүзеге асып жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz