“Чехияда жұмыс бар“. Астанада бірнеше адамды сан соқтырған тұрғын ұсталды

Астанада Чехияға жұмысқа тұрғызамын деп уәде берген алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері Чехия мемлекетіне жұмысқа тұрғызып беремін деп бірнеше азаматты алдап, ірі көлемде қаржы жымқырған 31 жастағы ер адамды ұстады.

Тергеу барысында күдікті азаматтарды оңай жолмен шетелге шығарып, жұмысқа тұрғызып беремін деп сендіріп, 6 эпизод бойынша алаяқтық әрекетке барғаны анықталған.

"Ол уәде етілген қызметі үшін түрлі сомада ақша алып, кейін байланысқа шықпай қойған.  Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Келтірілген шығын сомасы шамамен 800 мың теңгеге жеткен. Бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Астана ПД өкілі.

Полиция департаменті азаматтарды шетелге шығуға көмектесемін дейтін жеке тұлғаларға сене бермеуге, осындай қызмет ұсынатын компанияның лицензиясы мен заңды қызметін міндетті түрде тексеруге шақырды.

Сондай-ақ, келісімшартпен мұқият танысып, оның талаптарын толық түсінбейінше ақша аудармаған жөн.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!