Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties атты панелдік сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатия қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.
"Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар, біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек", – деді Қазақстан Президенті.

Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың "БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аударуы керек" деген пікіріне қолдау білдірді.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшырады. Неліктен бұлай болды? Өйткені превентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипломатия жайында айтты. Саяси шешімдер қабылдауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр", – деді Солтүстік Македония президенті.
Сондай-ақ, панелдік пікірталасқа Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова