Оралдағы кинотеатрдың директоры баспана таппай жүрген ресейліктерді кинотеатр залында түнеп шығуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
CinemaPark кинотеатрының директоры ресейліктердің ағылып келуінен Оралда тұрғын үй бағасы қымбаттап, оны жалға алу қиындап кеткенін айтты. Бұл туралы ол кинотеатрдың ресми Instagram-парақшасында жариялады.
Оның айтуынша, Ресейден келгендерді қала тұрғындары алып келген, еріктілер оларға шай демдеп, тамақ әзірлеген.
"Қала көшелерінен баспана іздеген ресейліктерді көріп жүрміз, бізге келіңіздер, біз бәрін түсінеміз", - деді кинотеатр директоры.
Диллара Мұхамбетова "Мой ГОРОД" басылымына ресейліктерді кинотеатр залдарына орналастыру қалай басталғанын айтты.
"Қалада суықта балаларымен көше кезіп жүргендерді көрдім. Мен оларға жақындап, көмек керек пе деп сұрап едім, олар бас тартты, пәтер тапқандарын айтты. Маған сенімсіздікпен қарады. Сағат 22:30 шамасында шешім қабылдап, оны сауда орталығының басшылығынан адамдарға кинотеатр залында түнеуге рұқсатын алдым, себебі балалары, тіпті кішкентай сәбилері барларды көрдім. Адамдар шынымен қорқып, абдырап қалған. Сағат 23:00 шамасында адамдар келе бастады. Олар алғыс білдіріп, күні бойы қала кезіп, баспана таппай жүргендерін айтты. Бір залды босатып, шай демдедік, еріктілер ыстық тамақ әкелді. Сөйтіп, шамамен төрт залға адамдарды орналастырдық, бұл 200-ге жуық адам", - дейді Cinema Park кинотеатрының директоры Диллара Мұхамбетова.
Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар орыстарды шекарадан алып келген.
"Бүгін түнде келушілерді орналастыруды да ұйымдастырамыз. Бүгін кетіп бара жатқандар бізге, Қазақстан халқына, қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс айтты. Ешкімді ұлтқа бөлген жоқпыз. Адамдар келіп, біз татармыз, бурятпыз деп жатты. Біз оларға ұлттың біз үшін маңызды емес екенін айттық", - деді Диллара.
"Достар, бүгін де кешегідей баспана таппай қиналып жүргендерді кинотеатрымызға шақырамыз", - делінген кинотеатрдың ресми Instagram-парақшасында.
Директордың айтуынша, кинотеатрда сағат 23:00-ден келесі күні 11:00-ге дейін түнеуге болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!