- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Біздің көк паспортымызды...
Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді - Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көк паспорты туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент бірлік, ынтымақ, толеранттылық, өзара құрмет, жанашырлық және әрқашан бір-бірімізге қол ұшын беруге дайын болу дәстүріміз бен мәдениетіміздің негізінде жатқанын атап өтті.
"Біздің ұлттық болмысымызды қалыптастыратын бұл бірегей құндылықтарды жасанды идеологиялық құрылымдарға телу оңай емес. Бірақ, менің ойымша, бұған қажеттілік жоқ. Қазақстан Республикасының көк паспорты біздің ұлттық бірегейлігіміздің қарапайым, бірақ басты көрсеткіші болуы керек екеніне сенімдімін. Бұл құжат – біздің мемлекеттілігіміздің тірегіне айналған озық қағидаттардың нышаны.
Қазақстан Республикасы азаматының паспорты іргелі құндылықтарды білдіреді. Соның арқасында біздің еліміз бүкіл әлемге этносаралық және дінаралық толеранттылықтың жарқын үлгісі ретінде танымал болды", - деді Тоқаев Қарағанды жұртшылығымен кездесуде.
Ол Қазақстан паспорты әділдіктің және ұлттың болашаққа ұмтылысының символы екенін атап өтті.
"Біздің көк паспортымызды бүкіл әлем таниды және құрметтейді. Шет мемлекеттердің визаларын беруді қоса алғанда шетелде қазақстандық паспортқа қатысты қандай да бір шектеулер жоқ.
Бұл - Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған еліміздің теңгерімді әрі жауапты сыртқы саяси бағдары мен ішкі саясатының тікелей нәтижесі", - деді Мемлекет басшысы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш