Қазақ әйелі ертеден етек-жеңін жинаған, "асқа түседі" деп шашының әр талын орамал астына жасырған. Алайда бүгін түсінік те, тенденция да өзгергені ешкімге жасырын емес. Хиджаб тақса, үрке қарайды. Кимешек тақса, "ескінің жұрнағы" дейді. Сонда қазақ әйелдері қай баскиім үлгісін кигені дұрыс? Кім адасып, кім қате түсініп жүр? Осы мәселенің жай-жапсарын анықтау мақсатында этнограф Ғалия Қайдауылқызының "Киелі кимешек" атты еңбегіне сүйеніп, кимешектің тарихына көз тастауды жөн көрдік. Сондай-ақ, Massaget.kz тілшісі ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлдан хиджабқа қатысты пікірін сұрап, осы даулы мәселенің аражігін ашу мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы Бибизия Кенжебекқызы Қалшабаевамен тілдесті.
Ғалия Қайдауылқызы келтірген деректерге сүйенсек, әйелдер кимешекті өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін тұрақты баскиім ретінде киген. Оның сөзінше, кеңес кезеңінде кимешек сахнадағы тарихи қойылым мен сатира жанрындағы театрларда әйел ролінде шығатын ер әртістердің образына айналған. Сондай-ақ, қазір "хиджаб" деп жүргеніміз - кимешектің жаңғырығы.
"Бағзы замандардан бері тірнектеп жиған, өз қолымызбен жасаған көркем дүниелерімізді өз қолымызбен күйретуге мәжбүр еткен кесапат кезеңнің кесірі кимешектің де жағына жармасып, шылауынан шалды. ...Кимешек құрыған жоқ, құрытылды. Тіпті қазіргі күнде қыз-келіншектеріміздің басындағы бүркеншектікті "хиджаб" деп жатырқап жүргеніміз өзіміздің (қара түсінен өзгесі) бұрмаша жаулықтың жаңғырығы, жаңғыртпасы", - деп жазған этнограф еңбегінде.
"Еркектерше киінгенмен бірдей". Неге қара кию дұрыс емес?
Қазір әйелдер қара киімді хиджабты жиі киетінін байқап жатамыз. Ғалия Қайдауылқызының пікірінше, қара - ер адамдардың түсі болған.
"Әйел баскиімнің символикалық түсі - ақ түсті. "Ақ жаулықтың ары ортақ"; "Айдың жарығымен басы ағараңдап, бір әйел келе жатыр", "қарайып бір еркек көрінді", "басы қараның бәрі ие" т.б. яғни "қара" сөзі - еркек деген түсіністіктің баламасы. Демек, қазақта қара киім әйелдерге еркектерше киінгенмен бірдей саналады", - деп жазған ол.
"Қазақтардан шыққан". Кимешек біздікі ме?
Ғалым кимешектің түпбастауы қазақтан шыққанын жеткізген.
"Кимешектің түптөркіні қазақтардан шыққанын дәлелдейтін жазба деректер бар. Оны таратуда, дамытуда Шыңғыс ханның жорығы мен Ұлы жібек жолының тікелей де жанама әсері болды. Өткен ғасырдағы аласапыран алмағайып кезеңде Атажұрттан ауа көшкен қазақтар жат жұртты жатырқамай, өзінің де жақсы дәстүрін үлгі ете білді. 1925 жылы қазіргі Науаи облысының солтүстік-шығысында қазақ-қарақалпақ автономиялық ауданы құрылды. Канимех аудандық есеп-қисап басқармасының дерегі бойынша аудандағы 30 760 тұрғынның 20 268-і қазақ ұлтының өкілі болған. Кимешектің үлгісі де осы аймақтың әйелдер баскиімі ретінде сақталған. ...Қазақтардың, қарақалпақтардың, өзбек-қыпшақтардың әйелдерінің баскиіміндегі ортақ ұқсастық - қазақ әйелдерінің кимешегіне тән бөлшектерден құралған", - деп жазған ол.
Қазақ әйелдерінің баскиімі қандай болды?
Қазақ әйелдерді жасына, мәртебесіне сай түрлі атаумен атаған. Ал олардың баскиімдері бірдей болған ба? Этнографтың еңбегінде айтылған деректерді келтірсек, баскиімнің бірнеше түрі болған:
- 0-3 жас (нәресте, сәби) - иттақия, сырма, кепеш тақия;
- 5 жас шыт тақия - сырға тағар;
- 7-13 жас - үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жанат бөрік;
- 13-тен кейін (бір мүшел) отау иесі - сораба, жанатпен жиектелген, қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;
- 25 жас (екінші мүшел) - сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шешекті қасаба;
- 37 жас (үшінші мүшел) - кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндыз бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);
- 49 жаста (төртінші мүшел) сән-салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады.
- 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық.
"Үшіншісі - сайқал, төртіншісі - аққолтық". Қазақ әйелдерін қалай атаған?
ҚМДБ өкілінің пікірі қандай?
ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұл хиджабтың маңызын түсіндіріп берді.
"Хиджаб - орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім киіп, орамал тағып жүру мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды", - дейді ол.
ҚМДБ өкілі Құран мен хадистерден мысал келтірді.
"Бойжеткен әрбір мұсылман қыз, әйел шариғат ұят санаған ағзаларын жабуы - парыз. Ол туралы Құранда және хадистерде айтылды, сондай-ақ, бүкіл мұсылман ғалымдары оған бірауыздын келісті.
Құранда Алла Тағала: "Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жаулықтарын жамылсын..." деп бұйырды (Ахзап, 59-аят).
Тағы бір аятта: "Мүмін əйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ, еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын" деген (Нұр, 31-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Уа, Әсма! Егер қыз бала етеккір келетін жасқа жетсе, онда оның мынау, мынау жерінен басқасы көрінуі дұрыс емес", - деп, беті мен екі алақанын көрсетті (Әбу Дәуіт).
Тағы бір хадисте: "Алла Тағала бойжеткен қыздың намазын тек орамалмен қабыл етеді", - деді (Нәсаиден басқа бесеуі риуаят еткен)", - дейді Хасан Аманқұл.
Діни оңалту бөлімінің меңгерушісінің сөзінше, мұсылмандық киім үлгісі қазаққа таңсық емес.
"Қазақ халқы ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келеді. Мұсылмандық киіну үлгісі қазаққа жаңалық емес. Қашан да қазақтың әйелдері мен қыздары орамал тағып, шариғат шартына сай киінген.
Дегенмен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, киім-кешектерді пайдаланбағаны дұрыс", - дейді ҚМДБ ресми өкілі.
Хиджаб туралы: "Біздің халыққа тән емес"
Бибизия Кенжебекқызының пікірінше, кез келген халықтың қалыптасу жолында тұрмыс тіршілігі оның материалдық мәдениетіне, соның ішінде киім үлгісіне әсер етеді.
"Хиджаб - кейінгі кезеңде көбейіп кеткен әртүрлі діни ағыммен байланысты арабтардан келген киім үлгісі. "Хиджаб" деген сөздің аудармасы "жамылғы" деген мағынаны білдіреді. Халқымызда "хиджаб" деген атаумен киім үлгісі болмаған. Хиджаб - жамылғы, яғни жасыратын зат. Хиджабты кімдер кигені белгілі. Ол бетті, екі қолды білезікке дейін және екі табанынан өзге бүкіл денені жауып тұрады. Ол кеңдеу тігіледі, қыздардың дене пішінін көрсетпейді. Бұл - кейін келген киім, біздің халыққа тән киім үлгісі емес. Себебі қазақ халқы қалыптасу жолында алғашында мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы болса, сол мал шаруашылығының ыңғайына қарай материалдық мәдениетіміз де қалыптасты. Оған киіз үй, киім үлгілері жатады", - дейді ол.
Тарихшы қазіргі жастардан дәл осы киім үлгісін жиі байқайтынын айтып, пікір білдірді.
"Хиджаб діни ұстанымға еркіндік берілген кезден бастап түрлі діни ағым келуіне байланысты мұсылмандық, оның ішінде де кейбір бағыттардың киім үлгілеріне еніп кетті. Біздің жастардың, мектеп жасындағы, мектеп жасына толмаған қыздардың хиджаб киіп жүргенін көргенде, шынын айтқанда, ішім удай ашиды. Бұл - қолдан жасалған, теріс пиғылды діни ағым өкілдері тапқан, сырттан әкелген киім үлгіcі. Сондықтан мектеп жасына дейінгі, мектептегі жастардың хиджаб киюіне қарсымын. Бала "бала" сияқты болуы керек", - дейді ол.
Қазақ әйелі кимешекті қашан киген?
Тарих ғылымдарының докторы қазақ әйелдері қандай баскиім кигенін санамалап берді. Сондай-ақ, қоғамда "қазақта бұрыннан осындай киім болған" дегендерге қатысты пікір білдірді. Бибизия Қалшабаеваның сөзінше, қазақ қыз балаға ерекше қараған.
"Қазақта қыз баланы еркін ұстаған. Қыз "жат жұрттық", "қонақ" деп еркін ұстап, тұмшаламаған. Кішкентай қыздар тақия киген. Жас қыздар бөрік киген. Ал тұрмысқа шыққанда сәукеле киген, оны бір-екі бала дүниеге әкелгенге дейін киген. Әрине, сәукелені күнделікті үйде киіп жүре алмайды. Сондықтан жаулық тартып, орамал таққан", - дейді маман.
Оның айтуынша, кимешекті әркімге тіккізбеген. Сыйлы адамға арнайы дайындатқан, оның үстіне, жақын адамдарды жинап, бір-екі балалы болған келінге ерекше құрметпен кигізген екен.
"Кимешекті екі бала дүниеге әкелгеннен кейін, сол отбасының отанасы болуға дайын деген кезде киген. Оның да үлгілері аймақтық ерекшеліктерге байланысты өзгеріп отырған. Батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстіктің кимешектерінің ерекшеліктері бар. Кимешек ақ матадан тігілген, жиектері астарланған, шет-шеті кестеленген, маңдайын жауып тұрған, екі жағында шықшыты болған, яғни ол да жасына қарай көркемделіп отырады. Жасы ұлғайған әйелдердің кимешегінің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылып тігілсе, жас әйелдердің кимешегі қызыл-жасылмен әшекейленеді. Кимешектің кеуде, иықты жабатын жақтары тұйық етіп жасалған. Белден түсіп, шашты жауып тұратын тұсы құйрықша деп аталады", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!