Қоғамда сыбайлас жемқорлықпен байланысты немесе ұрып-соғу, жол апаты секілді күтпеген жағдайлар болып жатады. Кей жағдайда мұндай жайттарға кінәлі қандай да бір ведомствоның қызметкері болуы мүмкін. Бірақ артынша "ол қызметкер біздің мекемеде жұмыс істемейді" деген ресми жауап алып жатамыз. Әдетте санаулы күн бұрын ғана жұмыстан шығып кеткен. Мекемелер басы дауға қалған қызметкерді алдын ала жұмыстан шығарып тастайтыны рас па? Massaget.kz тілшісі осындай жағдайларға шолу жасап, маманның пікірін білді.
Екі адамның өмірін қиған жол апаты
2020 жылдың 25 мамырында Алматы облысы Қарасай ауданындағы блокбекетте жантүршігерлік жол апаты болды. BMW автокөлігін тізгіндеген 28 жастағы жүргізуші №4 блокбекетке соғылып, артынша патруль көлігіне соқтығысты. Полицейлердің көлігінде екі қызметкер отырған. Бұл Ішкі істер министрлігінің ресми сайта Polisia.kz-те тараған ресми мәлімет еді. 42 жастағы аға лейтенант Жарас Жанғазиев оқиға орнында қаза тапты. Ал 26 жастағы полиция сержанты Дастан Әбдіқанов ауруханада жан тапсырды. Тағы бір полицей 26 жастағы Ербұлан Сейдазым бірнеше күннен кейін ауруханада өз-өзіне келе бастаған. Бастапқыда жол апатына кінәлі адам мас күйде болғаны ғана хабарланды.
Артынша әлеуметтік желі қолданушылары жол апатына кінәлі жүргізушінің өзі полицей екенін жазған.
Алайда Полиция департаменті өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын. Бірақ келесі күні 26 мамырда Алматының полиция департаменті Азат Азаматов (жол апатына кінәлі адам) құқық қорғау органдарында бұрын жұмыс істегенін, бірақ өз міндеттеріне немқұрайды қарағаны үшін жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді.
Бірақ жол апаты салдарынан қаза тапқан полицей Дастан Әбдіқановтың әйелі Динара әлеуметтік желіде BMW жүргізуші ішкі істер органының бұрынғы емес, қазіргі (сол кездегі) қызметкері екенін жазды.
Артынша журналист Шолпан Али Facebook-парақшасында Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің ПД АБҚ өкілдеріне басқа ақпарат таратып, полицейді ақтап алмақ болған деген пікірлерге жауабын жариялады.
"Гарнизон бойынша 5600-ге жуық қызметкер бар және ол біздің бұрынғы әріптесіміз деген ой келмеді. Расында сатылымда жалған полицейлік формалар барын білесіздер. Эмоциялық тұрғыда стресс, ойлануға уақыттың болмауы салдарынан осылай болып отыр. "Полицейді ақтап алу үшін" жалған ақпарат беру ойымызда болған да емес", - деп түсіндірген еді Салтанат Әзірбек.
Қорғаныс министрлігіндегі дау
23 қаңтарда Қорғаныс министрлігі департаментінің басшысы пара алды деген күдікке ілінген болатын. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Қорғаныс министрлігі Ақпараттандыру департаменті бастығының м.а. бейнеконференция байланыс жабдығын жеткізу мерзімін бұзып, қабылдау-тапсыру актісіне кедергісіз қол қойғаны үшін жеткізушіден 20 000 АҚШ доллары сомасында пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті ұсталып, Астана қаласы тергеу соты санкциясымен қамауға алынған. Бірақ артынша Қорғаныс министрлігі өкілдері ұсталған департамент басшысы Қорғаныс ведомствосы құрамынан шығарылғанын мәлім етті.
Басы дауға қалған қызметкерді алдын ала шығарып тастау не үшін керек?
Белгілі саясаткер Әділ Сайлаубек неліктен ведомстволар басы дауға қалған қызметкерін алдын ала жұмыстан шығарып тастауы мүмкін екені туралы ойын айтты.
"Ең біріншіден, мұндай шешімдер аяқ астынан қабылданады деп есептемеймін. Ең бастысы қандай да бір ведомствоның жеке "репутациясына", абыройына нұқсан келеді деген оймен оларды алдынғы, бұрынғы күнмен шығарып тастауы мүмкін. Сонымен қатар, тағы бір айта кететіні қандай да ұйым өкілі, орынбасары ұсталған жағдайда, мысалы облыс әкімінің орынбасары ұсталса әкімнің өзі отставкаға кетуі керек болады", - дейді саясаткер.
Сондықтан осы мақсатта абыройларына нұқсан келтірмеу үшін, қандай да бір кері әсерін тигізбеу үшін алдын ала шаралар жасауы мүмкін.
"Естуімше, кейбір мекемелерде қызметкерлердің жұмыстан шығу туралы өтініштерін алдын ала қабылдап алатын жағдайлар да болады. Оны құзырлы органдар тексергені жөн деп санаймын. Одан бөлек, халық тарапынан наразылық тумауы үшін де істі болған не ұсталған қызметкерді алдын ала жұмыстан шығаруы мүмкін деп ойлаймын", - дейді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!