Талғар ауданындағы саяжай тұрғындары бірнеше жыл бойы өркениеттен оқшауланған. Саяжай алабы ауыл мәртебесін де алмаған. Сондықтан округ тұрғындары газ, электр қуаты, тіпті ауызсумен қамтамасыз ету сияқты коммуналдық мәселелерді өздері шешуге мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, олардың үйлеріне газ кірмеген, ал коммуналдық қызметтер үшін қыруар ақша төлейді. Тұрғындардың пікірінше, мұның бәрінің себебі - саяжайда ауыл мәртебесінің болмауы. Олар саяжай Кеңдала ауылының құрамына кірген кезде проблемалары шешіледі деп санайды.
"Жарыққа бір киловаттқа 32-ден 40 теңгеге дейін төлейміз, ал көрші талғарлықтар 24 теңге төлейді. Төрағалар баға шығынға байланысты жоғары екенін мәлімдейді. Қандай шығындар туралы айтып отырғанын түсінбейміз. Еңбекшіқазақ ауданынан жарық тартылды. Қоқысқа айына 1200 теңге төлейміз, ал судың бір текше метрі 100 теңге тұрады. Біз төрағаға ақша төлейміз, әр саяжайдың өз төрағасы бар. Әрине, олар соманың бір бөлігін өздеріне қалдырады. Газды жеке компаниялар арқылы тарттық. Қазір оның құны пешті, қосалқы бөлшектерді және басқа да шығындарды ескермегенде, шамамен 450 мың теңге", - деді саяжай алабының тұрғыны Клара.
"Бізде ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Тіпті көшелер дұрыс орналаспаған. Көше өтетін жерде біреудің үйі тұр. Мұндай жағдайлар көп. Түнде қараңғы. Көптеген бұралқы ит жүреді, балалар үшін қорқамыз", - дейді саяжай тұрғыны.
Биыл ақпанда саяжай тұрғындары биліктен өз аумақтарын Кеңдала ауылдық округіне қосуды талап етіп, флешмоб ұйымдастырды. Содан кейін де бұл мәселе шешілмеген. Әкімдік өкілдері мәселені қарауға және шешім қабылдауға уәде берді.
Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы мәліметінше, Алматы облысында жалпы 674 саяжай массиві бар (Қарасай ауданында - 200, Іле ауданында - 157, Талғар ауданында - 152, Еңбекшіқазақ ауданында - 135, Жамбыл облысында - 21 және Қонаев қаласында - 9).
"Басқарма конкурстық рәсімді аяқтады және ауыл шегіне 333 саяжай массивін, оның ішінде Талғар ауданының Кендала ауылына 33 саяжай массивін енгізе отырып, 20 елді мекеннің бас жоспарын әзірлеуге (түзетуге) шарт жасасты", - деп түсіндірді басқарма өкілі.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!