Әнші, композитор Назарбек Оразбеков шығармашылығындағы тың жаңалықтарын бөлісті. Оның Аршат Хайролламен бірге өнер көрсеткен "Жұлдызды жұп" байқауы жайлы ойы қандай? Massaget.kz тілшісі әншімен сұхбаттасып, сұрап білді.
"Қазақстан" ұлттық арнасы ұйымдастырған "Жұлдызды жұп" байқауы өз мәресіне жетті. Жоба жеңімпаздары болып дәстүрлі әнші Клара Төленбаева мен қызы Әйгерім Тілеубек танылды. Ал Назарбек Оразбеков пен Аршат Хайролла жобамен жартылай финалда қош айтысты. Әншінің айтуынша, жоба жеңімпаздары жеңіске әбден лайық болды.
"Негізі әділ, әділ емес деп айтуға болмайды. Көрермендер тарапынан әділ емес деген пікірлер айтылып жатыр. Бұған дейін де қатысқан жобаларымнан бірінші орын алып көрмегенмін. Сондықтан бұл мен үшін үйреншікті жағдай. Жетпей ұшып кету, екінші орын алып қалу немесе үшінші орын алу деген нәрселерді жеңіл қабылдаймын. Аршат екеуміздің басты мақсатымыз - көрерменге, тыңдарманға жақсы көңіл күй сыйлау. Жобаға келгендегі басты ойымыз жеңіп шығу болды дей алмаймын. Бастысы - жақсы өнер көрсету, өнерден ләззат алу, шоу көрсету. Жартылай финалдан шығып кетсек те, көңіл күйіміз түспеді. Барлығын жақсы қабылдадық. Сол себепті әділетсіз шешім деп айта алмаймын", - деді ол.
Назарбек Оразбеков қазылар алқасының бағалауы жайлы ойын айтты. Оның сөзінше, қазылар алқасы бағдарламаға әншілерді зерттеп, арнайы дайындалып келуі керек еді. Алайда күткен дүние болмаған.
"Әр қазылар алқасының мүшесі әртүрлі ойда болды. Толқын Забирова классикалық орындау жағынан, вокалдық жағынан баға беріп отырды. Шоу, драйв, әсер бере алу, жастардың стиліне қарай үйлестіру жағынан Дастан Оразбеков пікір білдіре алады. Алайда кей қазылар алқасы еш дайындықсыз келді. Арасында біздің кім екенімізді білмейтіндер де болды. Мәселен, Ерлан Рысқали дәстүрлі әндерге арналған бағдарламада бізді даладан келген біреу деп көрді. Негізі мен де дәстүрлі әншімін. Білімім бар. "Бұл кісілерге оқу керек" деді. "Аманат" әнін орындаған болатынбыз. Басқалардың пікірінше тәуір-ақ айтып шықты. Бірақ оған ұнамаған екен. Мені бізді зерттемеген, білмейтін адамның келіп қазылық етуі қынжылтты", - деді ол қазылардың бағасы жайлы.
"Жұлдызды жұп" жобасынан кейін қайта танылған әнші Назарбек жеке шығармашылығына толықтай бет бұра бастағанын айтты. Қазір жеке әндерін жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
"Жұлдызды жұп" жобасы өміріме кәдімгідей әсер етті. Халықтың қолдауы сезіледі. Жақсы өнер көрсеткендейміз. Аршат екеуміздің мәселеміз мынадай еді. Көбі біздің әндерімізді біледі де, түрімізді аса танымайды. Жоба арқылы осы олқылықтың орнын толтырдық деп ойлаймын. Жақында көрермендердің қолдауын сезіну арқылы ерекше шабыт алып, бір ән жазып шықтым. Алдағы уақытта сол әнімді қолдаушыларға, тыңдаушыларға ұсынсам деймін. Жобадан кейін тоқтап қалуға болмайтын секілді. Ары қарай даму керек, шыңдалу керек, өсу керек", - деді Назарбек Оразбеков.
Назарбек Оразбеков - қазақстандық әнші, композитор және орындаушы. Ел арасында оның "Ей, Лапылда", "Жын ұрады", "Алыс-Алыс", "Зауал" сынды әндері танымал. Оның өзге әншілерден ерекше вокалдық стилі бар.
Айта кетейік, Назарбек Оразбеков Ұлттық арна ұсынған "Жұлдызды жұп" жобасында жастар арасында танымал әнші Аршат Хайролламен жұп болып, он шығарылым бойы өнер көрсетті. Жартылай финалға дейін жетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз