Қызылордалық тігінші Шайхы Өтепованың әр күні тігін машинасының алдында өтеді. Көптеген жыл базарда сауда жасаған ол 3 жыл бұрын кәсіп ауыстырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейіпкеріміз Қазалы ауданының орталығында тұрады. Бүкіл жұмыс үйінің бір бұрышында бітеді. 3 жылдан бері қанша сәбидің бесік жапқышын, қанша қыздың жасауын тіккені есінде жоқ.
"Қыз жасауының құрамында 6 көрпе, 4 жастық, махаббат, құда-құдағай топтамасы, шәй көрпе болады. Сонымен қатар шымылдық, сәукеле, сөмке, тағы сол сияқты дүниелер тігеміз", - деді ол.
Ісмер келіншек жұмыс жүктемесі көбейген кезде ғана қос көмекшісіне жүгінеді. Басқа уақытта тапсырысты бір өзі бітіруге тырысады. Кез келген бұйымның тігісі, ою-өрнегі, ұсақ-түйегіне дейін тап-тұйнақтай болғанын қалайды. Көмекшілерінен де соны талап етеді.
"Көрпе-төсектің жібін мұқият өріп тігемін. Сол кезде ол матаның сыртына шықпайды, жалбырамайды. Ұзақ уақыт бойы пайдалануға жарайды. Базардағы сырттан әкелінген дүниелердің алқам-салқамы шығып, оюы немесе құрағы бір-біріне сәйкес келмейтінін көріп қынжыламын. “Біз бен базарды салыстырмаңыздар!” деймін клиенттерге", - деді Шайхы Өтепова.
Ұзатылатын қыздың жасауын ол көмекшілерімен бірге бір айда тігіп аяқтайды. Сондағы таза пайда 100 мыңнан аспайды екен.
"Өз басым сапаға қатты мән беремін. Әсіресе, қыз жасауы әдемі, көрнекі болса, барған жері марқайып, мақтанышпен айта жүреді", - деді алтын қолды кейіпкеріміз.
Ине-жіпті серік еткен шебер білгенін қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге үйретіп те жүр. Оның алды мұны кәсіпке айналдырып үлгерді.
"Мемлекеттен көмек алуға талпынып көрдім. Бірақ талабына сай келмейді екенмін", - деді тігінші.
Назерке Саниязова
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз