"Бізді бәрі ұмытып кетті": Көкшетауда су басқан үйлердің тұрғындары жанайқайын жеткізді

"Бізді бәрі ұмытып кетті": Көкшетауда су басқан үйлердің тұрғындары жанайқайын жеткізді
Фото: Абзал Алпысбайұлы

Көкшетауда су тасқынынан зардап шегіп жатқан тұрғындар жергілікті атқарушы органдардан да, төтенше жағдай қызметінен де ешқандай тиісті көмек болмағанын айтып шырылдап отыр. Алты тәуліктен бері достары мен жақын туыстарының үйлерін паналауға мәжбүр болып жүрген қала тұрғындары бар мұң-зарын Massaget.kz тілшісіне айтып берді.

Айта кетейік, Көкшетауда осыдан бес күн бұрын қаланы қақ жарып өтетін Қылшақты өзені арнасынан шамадан тыс асып кетіп, қаланың шеткері аймағында орналасқан вокзал маңы, элеватор, сондай-ақ, әлеуметтік нысандар, дүкендерді су басқан еді. 300-ге жуық тұрғынды төтенше жағдай қызметі шығарса, кейбірі өз күшімен үйлерінен шыққан еді.

Бірнеше күн бойы баспаналары тұтастай көлкіген суда қалған тұрғындардың қазіргі жағдайы алаңдатарлық. Төтенше жағдай қызметінің күш-құрылымдары вокзал маңындағы тасқын сумен арпалысқан тұста, элеватор және басқа да шағынаудандағы үйлер жергілікті биліктің де, құтқарушылардың да назарынан тыс қалып қойған. Тұрғындар өз күштерімен қолына іліккенін алып тысқа шыққанын ашына жеткізді. Төтенше жағдай қызметі келген. Бірақ бұл кезде бәрі де кеш болған. Үйлерін су басып, жапа шеккен жандарға әлі де болса көмек ауадай қажет. Бірақ көмек күткендердің ащы зарына құлақ асып жатқан ешкім жоқ.

"Таңғы 7.00 шамасында гүрілдеген дауыстан шошып ояндық. Ештеңе түсініп те үлгермедік. Үйдің іші әп-сәтте тұтастай көлкіп кетті. Барлық дүние-мүлік суда қалды. Элеватор жанындағы Свердлов көшесіндегі барлық үй суда қалды. Тіпті Қылшақты өзенінің маңындағы үйлердің іші белуардан суға кетті. Жөндеу жұмыстарын жақында ғана жасатқан едік. Тоңазытқыш, мұздатқыш, кір жуатын машина, еденге жаңадан салынған ламинат - бәрі-бәрі жарамсыз болып қалды. Төтенше жағдай қызметіне, қала әкімдігіне хабарласып көмек сұрағанымызбен, ешкім ат ізін де салған жоқ. Біздің маңдағы 25 отбасы ешкімге керексіз қалдық. Белуардан су кешіп жүріп, судан өзімін әрең дегенде шықтық. Құтқарушылар тек ертеңіне кешкісін ғана келді. Ал ол кезде бәрі үйлерінен кетіп қалған. Қазір бала-шағамызбен жақын достарымыздың үйін паналап жүрміз. Ал дәл жанымызда тұратын, зейнет жасына келіп қалған ерлі-зайыпты бәрі су болса да сонда жатыр. Үйлері өз аттарына тіркелмепті. Далада қаламыз ба деп аңырап жүр. Бәріміздің шеккен шығын көлеміміз аса орасан. Бірақ әкімдікке хабарласқанымызда, өзіміз қаржы шығарып, бағалаушыны жалдап, шығын болған дүние-мүлкімізді бағалатпасақ, бар болғаны 184 мың теңге ғана берілетінін айтты. Бұған не алмақпыз? Бір кір жуатын машинаның өзін алуға жетпей қалады ғой. Жағдайымыз аса қиын", - дейді қала тұрғыны Сәндігүл Әбенова.

Жыларман халге түскен адамдар қазір мемлекеттен тиісті берілуге тиіс 50 АЕК, яғни 184 мың теңгені қалай алу керегінен де хабарсыз қалған.

Жергілікті билік органдары барлық шығынды комиссиялық тұрғыдан есептемей, қанша шығынның орны толатынын да тап басып айта алмады.

"Қазір халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардан толассыз өтініштер түсіп, соларды тіркеп жатырмыз. Әзірге нақты ақпарат айта алмаймыз. Шығын көлемі, қанша адам мен қанша үй зардап шеккені белгісіз. Қанша қаражат берілетінін де нақты айта алмаймын. Жақын күндері ресми ақпарат береміз", - деді Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі Махаббат Самрат.

Қала әкімдігі мәліметінше, су тасқынынан үйлері мен дүние-мүліктері зардап шеккен тұрғындар шығын көлемін бағалауға өтінім беруге құқылы.

Көкшетауда өтемақыны алы үшін Шалқар көшесі, 9а мекенжайына барып өтінім жасау қажет.

Абзал Алпысбайұлы

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz