Алматы қаласы Әуезов ауданы Мамыр-4 ықшамауданының тұрғындары дұрыс төселмеген су және кәріз құбырларының кесірінен балшыққа батып, сапасыз құрылыстың зардабын шегіп отыр. Қазан айында басталып, уақытылы әрі сапалы аяқталуы тиіс делінген жұмыс тұрғындардың төзімін тауысқан. Мердігерден де, әкімдіктен де мардымды жауап ала алмаған халық амалсыз БАҚ өкілдеріне жүгінді. Қарашаның мұң-мұқтажын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
© Суретте: Жиналған тұрғындар / Нұрбол Ынтымақұлы
© Суретте: Құбыр салу мақсатында қазылған жол / Нұрбол Ынтымақұлы
Мердігердің әрекеті әбден шамына тиген мұндағы жұрт жұмыстарынан сұранып, өз наразылықтарын айту үшін көшеге шықты. Батпақ кешіп, есік алдындағы үлкен шұңқырдан қолдан жасалған көпір арқылы дірдектей өткен тұрғындар бұл қорлыққа төзіп келе жатқанына 3 айдан асқанын жеткізді.
"Үш айдан асты. Біз егде жандармыз, немерелеріміз бар. Көшеміз ми-батпақ. Есік алдына шықсаң, үлкен шұңқыр. Оның үстінен өту үшін қолдан жасалған көпірді пайдалануға мәжбүрміз. Жаңбыр жауған сайын шұңқырлар опырылып, барған сайын қауіпті болып барады. Ал салған құбырлары мынау ешқандай стандартқа сай емес. Бұл бассыздық қашан тыйылады?", - деді тұрғын Қалипа Чалова өкпесін жеткізе.
Апамыздың сөзін іле-шала осы шағынаудандағы ардагер құрылысшы жалғады. Ол кісі де осы жердің тұрғыны. Ардагер құрылысшының сөзінше, бұл жұмыстар техникалық талаптарға мүлде сай емес. Тіпті бақылауға алынбаған мұндай құрылыс жұмыстарының соңы тұрғындар денсаулығына қауіп тудыруы мүмкін екен жеткізді.
© Суретте: тұрғын, ардагер құрылысшы Хамит Шалғынбаев / Нұрбол Ынтымақұлы
"23 қазан мердігер біздің көшеде кәріз және су құбырларын қоя бастады. Алайда екі құбырдың арақашықтығы небәрі 60 сантиметр ғана. Бұл СНиП талаптары мен санитарлық ережелерге қайшы. Екі құбырдың арасы кемі 1,5 метр болуы тиіс. Бұл - санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін өте маңызды ереже. Егер кәріз құбыры жарылып немесе ақауға ұшыраса, лас су ауыз су құбырына түсіп, халықтың денсаулығына қауіп төндіреді. Бұл өрескел қате", - деп түсіндірді Хамит Шалғынбаев.
© Суретте: Үлкен құбыр кәріз, кіші құбыр ауыз су / Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындар осы себепті де қазылған шұңқырдың бетін жаптырмай, құбырларды қайтадан талапқа сай төсеуді талап етіп отыр екен. Әйтпеген де, мердігер сапаға емес, санға жұмыс істеп, бұл объектіні біттіге санап, тапсырып кетпек екен.
© Суретте: Көмілмеу себебінен шеті опырылып бастаған жол / Нұрбол Ынтымақұлы
"Мердігердің кім екенін әлі күнге дейін білмейміз. Мәселемізді көтеріп, жергілікті депутатты шақырдық. Ол мердігерді алып келіп сөйлесті. Мердігер болса, "Тұрғындар жұмысты аяқтатпай отыр, әйтпесе көміп тастар едік" дейді. Бірақ олардың стандартқа сай жұмыс істемегені ешкімді алаңдатпайды. Біз БАҚ өкілдері көрсін деп әдейі аяқтатпай отырмыз", - дейді тұрғындар.
Тұрғындар одан бөлек, өздерінде бұрынғы құбыр жүйесі бар екенін, оны әкімдік балансына алу туралы өтініш бергендерін айтты. Ол құбырды мұндағы жұрт 20 жыл бұрын өз қаражаттарына салдырған екен. Дегенмен әкімдік жаңа құбыр салуды жөн көрген екен.
© Суретте: Батпақтан өту үшін қойылған тақтай / Нұрбол Ынтымақұлы
© Суретте: 91 жастағы тұрғын Аблимит Абдуллаевич / Нұрбол Ынтымақұлы
"Әкімдіктің құбырларды жаңартқаны жақсы іс. Бірақ әр жұмыс сапалы орындалуы тиіс. Қазір әр екі күн сайын жаңбыр мен қар жауып, жол ми-батпаққа айналды. Кейбіреулер үйге жету үшін тақтай төсеп жүруге мәжбүр", - дейді тұрғын Аблимит Абдуллаевич.
Тұрғындар әкімдік пен мердігердің арыз-талаптарына жиі құлақ аспайтынын жеткізді. Тіпті жиналыс кезінде құрылыс жоспарын да, объект паспортында көрсетпепті.
© Суретте: тұрғын, ардагер құрылысшы Хамит Шалғынбаев / Нұрбол Ынтымақұлы
"Бұлар бізді адам қатарына қоспайды. 7 қазанда құрылыс жұмыстары басталды, 9 қазанда жиналыс өткіздік. Әкімдік өкілі Рауан Кәрменов келді. Біз мердігер мен техбақылаушының кім екенін сұрадық, бірақ жауап ала алмадық. Бар айтқаны "15-іне дейін бәрін бітіреміз" болды. Құрылыс паспортын сұраттық, оны да көрсетпеді. Жасап жатқан жұмыстары мынау, ауыз су мен кәріз суын қатар қойып. Бізді басынғаны ма сонда?", - дейді тұрғын Хамит Шалғынбаев.
Ашынған халық ең бірінші ТЖҚ-ға арыз жазған. Паспортсыз құрылыс кесірі халық пен төтенше жағдай өкілдерінің жұмысына кедергі келтіреді деп. Наразылықтан кейін әкімдік объект құжатын іліп қойған. Алайда ол құжат басқа объектіге тиесілі болып шыққан.
© Суретте: Жалған объект паспорты / Нұрбол Ынтымақұлы
Жиналған халыққа Әуезов әкімінің орынбасары келіп, түсініктеме берді. Ол жобаның 2023 жылы дайындалғанын, 12 шақырым құбыр желісінің жалпы құны 1 миллиард 200 миллион теңге екенін жеткізді. Бұл сома жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінген екен.
© Суретте: Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Қанат Амангелдіұлы / Нұрбол Ынтымақұлы
"Энергетика басқармасының тапсырысы бойынша құрылыстың жобалық-сметалық құжаты 2023 жылы жасалған. Бізге 2023 жылы берілді. Конкурс арқылы ойнатылып, "Сапа құрылыс" ЖШС мердігер ретінде бекітілді. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы жазда басталды. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың аяғына дейін жоспарланып отыр. Қазір Мамыр шағынауданында 12 км су және кәріз желісі өткізіледі. Бұл жерге жергілікті бюджеттен 700 млн теңге, республикалық бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Жалпы 1 миллиард 200 млн теңге", - дейді Қанат Амангелдіұлы.
Жалған объект паспорты бойынша әкім орынбасары жауапты маманды шақырып, халық алдында сөгіс айтты. Жауапты маман адами фактор деп ақталып бақты.
© Суретте: Батпаққа малынған әкімдік адамының аяқкиімі / Нұрбол Ынтымақұлы
Ал тұрғындар шағымына қатысты құрылыс жұмыстарын әкім орынбасары тексеріс жүргізетіндерін жеткізді.
"Авторлық надзор мен технадзор тексеріс жүргізеді. Нәтижесі бойынша кінәлілер жауапқа тартылады. Ал мердігер жыл соңына дейін бәрін толық көміп бітеді", - деп сендірді әкім орынбасары.
Жұмыс барысы енді БАҚ өкілдерінің де бақылауында болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!