- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Біз үйге барғымыз...
«Біз үйге барғымыз келеді». Қостанайға ұшқан FlyArystan ұшағы Алматыға оралды
Алматы - Қостанай рейсін орындаған FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Алматы әуежайына қайта оралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, KS7141 рейсі кесте бойынша – 31 желтоқсан сағат 12.10-да ұшты. Алайда техникалық себептерге байланысты ұшақ әуежайға қайта оралды.
"Экипаждың ұшу уақыты өтіп кеткеннен соң, тағы қосымша экипажды қамтамасыз ету мүмкін болмағандықтан, рейсті тоқтату туралы шешім қабылданды", - деп хабарлады редакцияға FlyArystan баспасөз қызметі.
Компания тоқтатылған рейстің жолаушыларына билетті сатып алған жерінде толық қайтару немесе ықтимал балама рейстерге қайта брондау ұсынылатынын атап өтті.
"Жолаушылар сусындар мен тамақпен де қамтамасыз етілді. Бос орындар пайда болғаннан кейін жолаушыларға қонақүйден тұру немесе тұрмыстық шығындарын өтеу ұсынылады", - деді баспасөз қызметі.
Алматы әуежайында түсірілген видеоны Tengrinews.kz оқырманы редакцияға жолдады. Оның бейнежазбаларында жолаушылар әуе компаниясының өкіліне ағымдағы жағдайға қатысты шағымдарын білдірді.
"Эйр Астана, Bek Air, Scat компанияларымен келіссөздер жүргізіңіз, бірақ бізге рейс тауып беріңізші. Толық рейске адам бар, бәріміз үйге қайтқымыз келеді. Олай болмаса, бізге Жаңа жылды осында ұйымдастырыңыз", - дейді жолаушылар.
А. Оралқызы