- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Біз күнде жіберетін...
Біз күнде жіберетін 7 қаржылық қателік
Біз әлсін-әлсін қаржылық қателіктер жіберіп тұрамыз. Олардың кейбіреулері оңай шешілсе, басқалары өмір сапасын айтарлықтай нашарлатады. Ендеше, "қақпанға түспес" үшін мына қаржылық қателіктерден арылыңыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тапқан табысынан көп жұмсау
Бәріміз кейде өзімізді еркелеткіміз келеді. Ода тұрған ештеңе жоқ. Әр жетістіктен кейін өзіңізді еркелетудің, ал әр сәтсіздіктен кейін өзіңізді жұбатудың әдісін табу керек. Алайда оны ақылмен істеу қажет. Тапқанынан көп жұмсайтын адам ерте ме, кеш пе қаржылық проблемаларға тап болады. Әрине, сізге ләззат сыйлайтын заттарды сатып алудан толықтай бас тартыңыз демейміз, бірақ ақшаны ақылмен жұмсап үйрену керек.
Шығындарды бақыламау
Кей адамдар тапқанынан көп жұмсайтынын білмейді, себебі олар шығындарын бақылап жүрмейді. Қазір шығындарды бақылаудың түрлі әдістері бар. Мысалы, ұялы телефоныңызға арнайы қосымша жазып алып, күнде шығындарды жазып жүруге болады. Айдың соңында ақшаның көп бөлігі қайда кететіні белгілі болады.
Қаржылық қауіпсіздік жастығының болмауы
Өмірде түрлі жағдай болады. Кез келген адам күтпеген жерден жұмысынан айырылуы немесе денсаулыққа қатысты проблемаға тап болуы әбден мүмкін. Сол үшін қаржылық қауіпсіздік жастығының болуы маңызды. Ол мұндай жағдайда қандай да бір уақыт ақша жағын уайымдамауға көмектеседі.
Жалақыға берілген үстемені бірден құрту
Қомақты сыйлықақы немесе күтпеген үстеме ақша түссе, "басыңыз айналып", оны бірден аса қажет емес, бірақ жағымды нәрсеге құртып тастайсыз. Алайда әркез бұлай істейтін болсаңыз, өмір сапасын біршама жақсарту қиынға соғады. "Артық" ақшаны бірден құртып тастаудың орнына оны қалай дұрыс қолдануға болатынын ойлаңыз. Ең болмағанда оның жартысын жинақ шотына салыңыз.
Инвестиция жасауды кейінге қалдыру
"Инвестиция" сөзі көп адамды қорқытады. Алайда ақылмен жасалынған инвестиция өмір сапасын арттыруға көмектеседі. Десе де, бұл іске шынымен де аса мұқияттылықпен қарау керек. Бір жерге ақша салмас бұрын маманмен ақылдасу, нарықты зерттеу, кейде арнайы курстарды өту керек болады.
Тиімді нұсқа іздемеу
Барлық нәрсені үнемдеу керек демейміз. Бірақ бюджетті сақтап қалу үшін және қарызға кіріп кетпес үшін кей нәрселердің тиімді нұсқасын іздеп үйрену керек.
Күнделікті қажет нәрселердің өзін бөліп төлеуге сатып алу
Қазір барлық дүкен бірдей бөліп төлеу қызметін ұсынады. Кейде көптен бері жоспарлап алғыңыз келіп жүрген аса қажетті затты бөліп төлеуге алған жақсы. Алайда қазір дәрілерді, күнделікті тамақты және тұрмыстық ұсақ-түйек заттарды да бөліп төлеуге алатын адамдар көп. Сондай-ақ кафеге барып, тамақ ішіп, оны бөліп төлеуге рәсімдейтіндер де бар. Қандай да бір соманы бірнеше айға бөліп тастап есептеген кезде ол әр айға шаққанда аз секілді көрінеді. Бірақ бұл шығындарыңызды арттыра береді. Әр жалақы алған сайын біраз мөлшерін бөліп төлеуді жабуға бересіз де, қайтадан ай соңына дейін ақша жетпей қиналасыз. Оған қоса, адамдар бөліп төлеу қызметін көргенде аса қажет емес заттарды да ала береді. Егер өмір сапасын арттырғыңыз келсе, бұл әдеттен арылған жөн.
Оқи отырыңыз: Ақша жинауға қатысты лайфхактар
А. Жапатова