Әнші Медеу Арынбаев Urpaq подкастына берген сұхбатында әйелі қайтыс болған күн туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Аяқ асты қан қысымының салдарынан болды бәрі... бір-ақ күн, бір-ақ кеште Құдайға шүкір, қайта дер кезінде үйге кіріп келіппін. Содан жарты сағаттай ғана бұрын басы айналып құлап, жатып қалған екен. Сасқалақтағаннан жедел жәрдемді қалай шақыру керектігін ұмытып қалыппын. Біреуі сегіз, екіншісі он жастағы балаларым жүгіріп жүріп өздері шақырды бәрін. Келген соң медбикелер мені жұбатып, "Ертең алып кетесіз, бұл жай ғана қан қысымы", - деді. Таңды әрең атырып, ертесіне барсақ, қайдағы алып кету, қан қысымы қайтадан түсіп кеткен. Таңғы 9 деді, сол кезде бардым. 9.30-да телефон соққаным есімде, тұтқаны көтеріп, сөйлесті. Бірақ даусы әрең шықты, өте әлсіз. Ақырын ғана "Балалар қалай?",- деп сұрады. Жақсы деп жатырмын. "Береги детей, мен сені сүйемін", - деп қана үлгерді..."- деп еске алды әнші.
Әнші осыған дейін сұхбат берсе де, жан-жарының көз жұмған сәтін ашып айтпаған болатын.
"Кейін ғой, сол кезді сараптап жатқаным. Бір сәттерде еркектік амбицияны жинап қойып, "Жаным-ау, рахмет, қарашы сен маған қандай әдемі балаларды туып бергенсің", - дейтінмін. "Бұлардың болашағы жақсы болады ғой иә?", - деп сұрайтын жиі ол. "Әрине, мен сендер үшін еңбек етіп жатырмын ғой күні түні", - деймін өзінше. Сондайда ол балаларды маған жайлап табыстай бастаған екен ғой. Сол кездерде қайта оған алғыс білдіріп, сенім ұялата білгеніме шүкір деп қоямын. Әйтпесе, біз қазақтың еркектері қанша сүйіп тұрсақ та, сезімімізді білдіре алмаймыз ғой. Тек кеудемізге қысып, маңдайынан бір иіскеп не сүйеміз" дейді әнші.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!