Риддер тұрғындары кешеден бері ауызсусыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, қар көшкіні болып, Громатуха өзенін басып қалған. Нәтижесінде риддерліктерге су беру тоқтатылды. 11 қаңтарда таңертең сағат 09:30-да "Компания ЛК ГЭС" ЖШС тарапынан ақпарат түскен. Олар әкімдік өкілдеріне көшкін болып, Громатуха өзені шатқалын қар басып қалғанын жеткізді. 3-шағынаудандағы кейбір құбырлар мүлде кеуіп қалған.
"Кешеден бері краннан су сыздықтап ағады. Таңертеңнен балаларымыз қашықтан оқуға көшті. Ауа райы бір жақтан, табиғи апат бір жақтан қысты. Әкімдіктегілер бүгін сағат 1:00-ге дейін бәрін реттейміз деп сендірді", - деді Александр Легков есімді тұрғын.
Әкімдік өкілдері алғашында жағдай қаншалық күрделі екенін анықтай алмаған. Шатқалды тазарту жұмыстары түні бойы жүргізіліпті.
"Қазір ешкімге сенбейміз. Үнемі су қорын ұстауды әдетке айналдырдық. 30 жылдан бері құрғақ уәдені қанағат етіп келеміз. Біз де адам ұқсап өмір сүргіміз келеді", - деді Нұрлан Кенжебай есімді зейнеткер.
Мәселені анықтау мақсатында әкімдік өкілдеріне хабарластық. Олардың айтуынша, мәселені тезірек шешу үшін әлі де көшкін болған аумақта жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен қанша үй судан қағылғаны жөнінде ақпарат ұсынбады.
"Жағдай бақылауда. Біртіндеп су беріліп жатыр. Қазіргі уақытта қала бойынша 1-2-қабаттар ауызсуға қосылып жатыр", - деп қысқа қайырды әкімдік өкілі.
Асыл Бигелді
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз