"АрселорМиттал Теміртауға" тиесілі "Қазақстан" шахтасында еңбек етіп, кейін жұмысынан айырылған кенші Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.
Отбасы мен алдағы өміріне алаңдаған экс-кенші есімін жарияламауды сұрады. Себебі, бұған дейін шахтаның былығын ашпақ болғанда компания басшылығы қысым көрсеткен екен.
Кенші осыдан бірнеше жылдар бұрын аталмыш шахтада еңбек еткен. Қаза тапқан жандарды жақсы танитын көрінеді. Айтуынша, көмірі көл көсір жердің былығы да аз емес. Ешқандай техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Жерасты жұмысына жегіліп, қауіпсіздікті айтып қауқар танытпақ болған кеншілерге жұмыстан шығарамыз деп қысым көрсеткен. Сондықтан отбасының асыраушылары амалсыз барлығына көнген.
"Миттал - капиталист. Оларға ақша түссе болды. Басқасына бас қатырмайды. Адам өмірін ойыншық көреді. Барлық кеншілер бұл компанияның құлына айналды. Жұмыс жасаса өміріңе қауіп төнеді, одан бас тартса отбасын асырай алмайды. Амал жоқ көнеді" деді кенші.
Экс-жұмыскер апат себептерін айтты. Оның ойынша, оттың тұтануына техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы себеп болған. Әр шахтада таңғы сағат 08:00 де көмір өңдіру тоқтап, техникалар тексерістен өтеді екен. "Ал оқиға болатын күні 800 метрлік таспа сағат 10:00 де тұтанды деген хабар тарады. Яғни, техникалар жөндеуге тоқтамай, көмір өндіру жұмыстарын жалғастырған. Себебі, берілген жоспарды уақытылы орындау керек" дейді экс жұмысшы.
"Мен сол жерде жұмыс жасап жүрген кезде де, техникалық үзіліс болмайтын. Онымен қоса менің естуімше, тамыз айының басында 30 шақты кенші еңбек демалысына жіберілген. Бұл үлкен жұмыс күшінің болмағанын көрсетеді. 800 метрлік тасмалдаушы таспаны жұмыс барысында тексеріп отырмаса кез келген қателікте ол бірден жанып кетеді. Ал оны бақылау үшін біршама адам керек" дейді апаттың себебіне орай өз нұсқасымен бөліскен кенші.
Экс-жұмысшының шахтадан кетуіне осы бір техникалық қауіпсіздік себеп болған. Кенші мұндай жағдайда жұмысқа шығудан бас тартқан. Артынша босатылған.
Айта кетейік, осыған дейін шахтадан аман шыққан кеншінің баяндап берген оқиғасын жариялаған болатынбыз.
Жандос Айтбайұлы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз