Құрылыс компаниясына шағымданған ШҚО тұрғындары Президентке хат жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өскеменнен бөлек, Күршім, Катонқарағай және Алтай ауданының жұрты көпқабатты үй салып жатқан "Дэйнека" ЖШС-ға қомақты ақша аударған. Бірақ құрылыс тоқтап қалған.
2022 жылғы маусым-шілде айларында бұл мекемеге қаражаттарын аударып қойған бірқатар тұрғын биыл пәтер кілтін алатынына еш күмән келтірмеген.
"Алданып қалдық. Сот табалдырығын тоздырып жүргенімізге 1,5 жыл болды. Еш құзырлы орган көмек берер емес. Бірі үйін, бірі көлігін сатты. Арасында көпбалалы, жалғызбасты аналар бар. Енді міне, солар пәтер жалдап тұруға мәжбүр. "Дэйнека" ЖШС-ны әлеуметтік желі арқылы біліп, жұмыс сапасының жарнамасын облыс әкімдігінің сайтынан көрдік. Іс жүзінде талаймыз тақырға отырдық", - деді Жансая Аплатонова.
Бармақ тістеген өңір халқы жанайқайларын бейнежазба арқылы жеткізіп, қала әкімінен бастап, Мемлекет басшысына дейін белгілеп қойды. Барлығы дерлік, жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен келісімшартқа отырғандарын алға тартты.
"Құжатқа сәйкес құрылыс бір жылда тәмамдалып, тұрғындар баспаналы болуы тиіс еді. Көпшілігі жағдайына қарай ең төменгі сома, яғни 5-5,5 миллион теңгеден бастап аударды. Бірақ не үй жоқ, не ақшамызды қайтара алмай жүрміз", - деді тұрғындар.
Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ирина Ахаева баспанаға қатысты дау-дамай өршуінің бірнеше себебі барын айтты.
"Сәулет бөлімінің мамандары мониторинг жүргізіп, құрылыс басталса да рұқсат беретін құжаттар сұрап, жүгінбегендерін байқаса, бізге хат жолдайды. Сегіз құрылыс фирмасы жұмысты сол рұқсат құжаттарынсыз бастаған. Бұл ретте олар сәулет-жоспар тапсырмасын жергілікті билікпен келісіп барып құрылысты бастауы тиіс еді", - деді Ирина Ахаева.
Ал тұрғындардың Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында көпшілігінің ірі көлемде несие алып, жылжымайтын мүліктерін саудалап тәуекел еткендері, құрылысқа ешқандай бақылау жасалмағаны жазылған.
Асыл Бигелді
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз