Өткен жылы қаражат үнемдеу мақсатында тоқтатылған Астана халықаралық форумы биыл өтетін болды. Іс-шараға жұмсалатын қаржы көлемі - 4,5 млрд теңгені құрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен тілшілер: "Бюджеттегі дефицитке қарамастан, мұндай форум өткізудің қажеттілігі қанша?" деп сұрады. Форумнан тартылған инвестициялар көлемін нақты айта алмаған Жұманғарин тек имидждік әсеріне ғана тоқталды.
"Бұл форумның тарихы 2008 жылдан басталады. Ковид кезінде екі жыл қатарынан өткізілмеді, былтыр су тасқынына байланысты тағы бір жылға тоқтатылды. Дегенмен бұл - Қазақстанның визиттік карточкасы. Мұндай форумдар қажет, өйткені олар елімізге беделді, белсенді және ықпалды адамдарды тартады. Әлемнің түкпір-түкпірінен президенттер, бизнесмендер мен танымал тұлғалар келеді. Бұл - Қазақстанды таныстырудың, инвестиция тартудың мүмкіндігі. Сондықтан неге өткізбеске? Өткіземіз. Әрине, биыл Үкіметтің қаулысымен қаражат жетпесе, бюджеттен бөлу қарастырылуы мүмкін. Алайда маған берілген тапсырма - демеушілер есебінен қаржы табу. Егер мүмкіндік болса, бюджеттен мүлде қаражат бөлінбейді", - деді вице-премьер.
Тілшілер тартылған инвестициялар мен жобалар көлемін нақтылауды сұрады.
"Мұны есептеуге болады, бірақ нақты бір адам келіп, белгілі бір шартқа қол қойды деп айта алмаймын. Мұндай форумдар тікелей инвестиция тартуға бағытталған шара емес, олар Қазақстанның бизнес ахуалын жақсартуға арналған. Мақсаты - басқа. Біз жабық мемлекет емеспіз, әлем біз туралы білуі керек. Мысалы, осы форумға келген кейбір қонақтар Астананы көріп, таңғалды. Қазақтардың осындай астанасы бар екенін білмегендер көп. Сыртқы істер министрлігі визасыз режим енгізеді, ал бұл өз кезегінде бизнесмендердің келуіне жол ашады", - деген пікірді алға тартты Жұманғарин.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтар айының соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Тоқаев қанша қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек екенін айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет