Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ербол Сейілханның Youtube-арнасына берген сұхбатында бюджетке қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол үкіметтің қолынан бюджет қаражатын табыс табатын салаға бөліп, оны қайта көбейту келмей отырғанын жеткізді.
"Бұл әрбір Қазақстан азаматы үшін өте-мөте маңызды төлқұжат, заң жобасы деп те айтуға болады. Ол бірінші оқылымнан өтті. Негізі, өкінішке қарай, бюджеттің түсім бөлігі ойдағыдай болмай тұр. Біз 90-жылдардың басында қалай кіріптар болдық, сол күйінде қалып отырмыз. Бұл мәселені оқыған да, оқымаған да азамат біледі деп ойлаймын.
Мұнайдың да бағасы төмендеп бара жатыр, саяси жағдайларға байланысты болашақта әлі де төмендейтін түрі бар секілді. Сондықтан болжам аса бір жақсы емес. Бізде бюджеттің бір проблемасы бар, яғни бюджеттің 40 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталған, ол кетеді, қаражат қайтадан қайтып келмейді. Мен бюджет саласына қатты кірістім деп айта алмаймын, бірақ бір байқағаным, бюджеттегі қаражат өзін-өзі толықтыратын, табыс табатын дүниелерге бөлінбейді. Біздің үкіметте әлі мұндай жоқ. Біз әлі шикізат, тағы да басқа ірі кәсіпорындардан түскен салықпен, оларды жоюмен келе жатырмыз. Оны бір бағытқа салып, оны қайтадан көбейту, молайту деген бұрынғы және қазіргі үкіметтің қолынан келмей тұрған шаруа", - деді ол.
Айта кетейік, Абзал Құспан Мәжілісте елден заңсыз жолмен шығарылған қаражатты қайтару мәселесін көтергені жарияланған болатын.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қорға түсімдер мен алынатын қаражаттың теңгерімін жариялаған еді.
Сүлейменовтің мәліметінше, Ұлттық қордан алынатын қаражат түсімдерден артық болғандықтан, теңгерім әлі де теріс күйде қалып отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз