Бюджетке 730 млрд теңге түспей қалған

Бюджетке 730 млрд теңге түспей қалған
Фото: depositphotos.com

2025 жылы республикалық бюджетке 730 млрд теңге көлемінде салық толық түспеген. Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындысы жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Салық жоспары орындалмаған"

2025 жылғы салық және кедендік әкімшілендіру тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Тексеріс қорытындысы Жоғары аудиторлық палата отырысында қаралды.

Сурет: ЖАП баспасөз қызметі

Мемлекеттік аудиторлардың сөзінше, есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салық жоспары толық орындалмаған.

"Түспеген сома - 730 млрд теңге немесе 4,8 пайыз. Негізгі себептердің бірі салық бойынша болжам 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланған. Аудит нәтижесінде кейінгі төрт жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Бұған салық заңнамасы талаптарын бұзу және салық тексерісі актілерін жасау кезінде жіберілген қателер себеп болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салық тексерісін жүргізу сапасын бақылауды күшейту қажет деп есептейді", - деп жазылған хабарламада.

"Жеңілдіктер заңсыз берілген"

ЖАП мәліметінше, мемлекеттік аудиторлар кедендік бақылау мәселесіне қатысты тауарларды әкелу кезінде жеңілдіктер заңсыз берілгеніне назар аударған.

"Электр көліктеріне ғана арналған жеңілдік гибрид көліктерді әкелу кезінде де қолданылғаны анықталды. Соның салдарынан бюджетке 70 млн теңге көлемінде қаражат толық түспеген. Сонымен қатар, аудиторлар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы тауарларды импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен төленетін қосылған құн салығын (ҚҚС) заңсыз төлегенін анықтады. Соның салдарынан импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден аса қаражат түспеген", - деп жазылған хабарламада.

Аудит қорытындысы не көрсетті?

Аудиторлар Мемлекеттік кірістер комитеті мемлекеттік қызметтер есебін жүргізу, мониторинг жасау және олардың сапасын бақылау жұмыстарын жетілдіруі қажет деген қорытындыға келген.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге қаржылық заңбұзушылық, 33 рәсім бұзу дерегі, 11 жүйелі кемшілік анықталған. Жоғары аудиторлық палата анықталған мәселелер бойынша тапсырмалар мен ұсыныстар әзірлеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget