Бюджет саясаты: жыл соңына дейін жаңа кодекс қабылданады - Үкімет отырысы

Бюджет саясаты: жыл соңына дейін жаңа кодекс қабылданады - Үкімет отырысы
Фото: Freepik

Ұлттық экономика вице-премьер-министрі Нұрлан Байбазаров үкімет отырысында жаңа Бюджет кодексін жыл соңына дейін қабылдау жоспарланып отырғанын хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Негізгі өзгерістер мемлекеттік шығындарды қатаң бақылауға алу және бюджет кірістерін арттыруға бағытталады. Ұсынылған шаралар ішінде салық әкімшілігін жетілдіру, цифрландыруды күшейту, көлеңкелі экономикамен күресу, салық салу базасын кеңейту және тиімсіз жеңілдіктерді жою мәселелері бар", - делінген хабарламада.

Фото: Үкімет

Айта кетейік, Тоқаевтың халыққа Жолдауы барысында бюджет саясатындағы қателіктерге тағы да назар аударған болатын.

"Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент бюджетаралық қатынастарды ретке келтіруді талап етіп, өңірлерде шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерінің тиімсіз пайдаланылуына әкімдіктердің жауапсыздығын атап өтті.

Айта кетейік, қаржы министрлігі осы жылдың жарты жылдығы бойынша салықтық түсімдер мен жалпы кірістер жөнінде есебін жариялаған болатын. Құжатта жоспарлы көрсеткіштер айтарлықтай орындалмағанын көруге болады. Бар ақпаратқа сәйкес, салықтық түсімдер бойынша жоспар 15,759 трлн теңге болған, алайда іс жүзінде 10,266 трлн теңге жиналған, бұл жоспарланған деңгейдің 65,1 пайызы. Сол сияқты бюджеттің нақты кірістері 20,195 трлн теңге көлеміндегі жалпы жоспардың 65,8 пайыз болып, 13,293 трлн теңгеге жетті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz