- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бюджет қаржысын игермеген...
Бюджет қаржысын игермеген министрліктер аталды
Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша министрліктер мен әкімдіктер 278 миллиард теңге игермеген. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"278 миллиард теңге игерілмеген. Ең үлкен сома Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерінде игерілмеген", - деді Үкімет отырысында Жамаубаев.
Жергілікті бюджет шығыны 8,1 триллион теңге болған. Орындалмағаны - 520 миллиард теңге.
"Астанада, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында қаржы көп игерілмеген. Оның негізгі себептері - жоба-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыс актілерін уақытылы ұсынбау, конкурс рәсімдерін ұзақ уақыт өткізу, кейін қазынашылық органдарына төлем шотын кеш ұсыну", - деп толықтырды Қаржы министрлігінің басшысы.
Мемлекеттік бюджетке трансферттерді есептемегенде, 12 триллион 427 миллиард теңге сомасына кіріс түскен, жоспар 104,1 пайызға орындалған.
Бұдан бөлек, республикалық бюджетке трансферттерді есептемегенде, шамамен 8,4 триллион теңге түскен, жоспар 102,2 пайызға орындалған.
"Кіріс жоспары 179 миллиард теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салық 89 миллиард теңгеге, салықтан бөлек, 90 миллиард теңге. Салық бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы қосымша құн салығына тиесілі", - деді бірінші вице-премьер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова