Премьер-министрдің орынбасары - қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаржысын игермеген министрліктер мен әкімдіктерді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство басшысының сөзінше, 55 миллиард теңге игерілмеген.
"Мемлекеттік бюджет шығыстары - 98,6, республикалық бюджет шығыстары - 99, жергілікті бюджет шығыстары 98,6 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 7 триллион теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмаған сома - 72 миллиард теңге, оның ішінде 16 миллиард теңге - үнемделгені. Игерілмегені - 55 миллиард теңге", - деді Қаржы министрі.
Бұл қатарда Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері ірі сомадағы қаржыны игермеген.
Сондай-ақ, жергілікті бюджет бойынша биыл төрт айда игерілмеген қаржы 14 миллиард теңге болады. Ең көп игерілмеген сома Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Түркістан облыстарында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!