- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бюджеті 2,7 трлн...
Бюджеті 2,7 трлн теңге: Арнайы экономикалық аймақтардың қызығын кімдер көріп отыр?
Арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) Қазақстан экономикасының драйверлері болуы тиіс еді, бірақ шын мәнінде, олардың тиімділігі күмән туғызады.
Massaget.kz тілшісі арнайы экономикалық аймақтардың пайдасын кімдер көріп отыр, осы жоба аясында бюджеттен бөлінген қаржы қалай жұмсалды және бүгінге дейін атқарылған жұмыс нәтижелері қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.
"ҚЫЗЫҒЫН РЕСЕЙЛІКТЕР КӨРІП ОТЫР"
Сарапшы Айбар Олжаевтың сөзінше, Астанадағы АЭА IT-hub ретінде құрылған болатын. Бұған қазір Ресейден қашып келген компаниялар тіркеліп отыр.
"Бірақ олар бізге келіп қырып-жойып жатыр деген сөз емес. Олардың Қазақстанға зауыт салып, өндіріс ошағын ашатын ойы да жоқ. Тек құжат жүзінде біздің елдегі АЭА тіркелген", - деді маман.
©kazbusiness.kz
Экономист Қазақстандағы экономикалық аймақтар құрылымдық функциясын толық атқарып отырған жоқ дейді.
"Бұрын есеп комитетінің тексеріс нәтижелері көрсеткендей, АЭА-ларға құйылған қаражат толықтай мемлекет бюджетінен алынған. Шын мәнінде бұл аймақтар жеке инвестициялар арқылы қаржыландырылуы тиіс еді. Жеке компаниялар АЭА аясында қызметтерін кеңейтіп, Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуы қажет болатын. Әлемдік ірі компаниялармен әріптестік орнату басты мақсаттардың бірі болды. Алайда 20 жылдан астам уақыт өтсе де, көзделген міндеттердің ешқайсысы жүзеге аспады", - деді сарапшы.
Елордада "Астана - жаңа қала" АЭА және "Астана - технополис" АЭА деп аталатын екі индустриялық парк бар. Екі парктің жұмысы 2027 және 2042 жылдарға дейін жоспарланған. "Астана - жаңа қала" АЭА портфеліне 95 жоба кіреді. Әкімдік берген мәліметке сүйенсек, портфель ішінде проблемалық, яғни аяқталмаған жобалар бар. Ең алдымен бұл - нөсер кәрізі, шаруашылық-тұрмыстық кәріз, индустриялық паркті электрмен жабдықтау сияқты мәселелерді атап өтуге болады.
Ал "Астана Invest" ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, АЭА аясындағы 8 жоба әлі дайындық үстінде.
"Өндірісі тоқтап тұрған кәсіпорындардың жер учаскелерін алу қарастырылып жатыр. Бұған қоса, алдағы уақытта құны жоғары технологиялық және импортты алмастыратын жобаларға бос учаскелер беру көзделген. Болашақта IT жобалар мен жаңа технологияларды жүзеге асыру үшін жаңа парк салынуы мүмкін", - деді олар ресми сауалымызға.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада жұмыс істеп тұрған екі АЭА аумағында барлығы 299 кәсіпорын тіркелген. Ал қалада жалпы 807 кәсіпорын бар.
Бұл АЭА-лардың астаналық кәсіпкерлердің жартысын да қамти алмай отырғанын көрсетеді, өйткені кәсіпкерлерді тартуға арналған бағдарлама да, нақты стратегия да жоқ. Сонымен қатар арнайы аймақтар жұмыссыздықты азайтуы тиіс еді.
gov.kz
Мысалы, 1 индустриялық парк құрылған кезде 5000 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған, алайда қазір бұл жерде тек 600 адам ғана жұмыспен қамтылған.
АЭА-да ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ ДА ҚАРАЖАТЫ БАР
АЭА-ға тартылған инвестициялардың көлемі 2,7 трлн теңгеден асады, оның ішінде Ұлттық қордың қаражаты да бар. Арнайы экономикалық аймақтар іске қосылғаннан бері қатысушылар бюджетке 352,9 млрд теңге көлемінде салық төлемдерін аударған. Мысалы, 2020 жылы - 45 млрд теңге, 2021 жылы - 56,5 млрд теңге, 2022 жылы - 56,9 млрд теңге төленді. Яғни салық түсімдерінің жалпы көлемі мемлекеттен бөлінген бюджет қаражатының 87%-ын құрайды.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, мемлекеттен АЭА инфрақұрылымын дамытуға 402,4 млрд теңге бөлінген. Дегенмен 14 арнайы экономикалық аймақтың тек үшеуінде ғана, атап айтқанда, "Оңтүстік" АЭА, "Инновациялық технологиялар паркі" АЭА және "Қорғас-Шығыс қақпасы" АЭА-да инфрақұрылым толықтай аяқталған. Ал "Астана-Технополис" АЭА мен "Turkistan" АЭА құрылғанына үш жылдан астам уақыт өтсе де, инфрақұрылымдық жұмыстар әлі аяқталмаған.
rail-news.k
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметтеріне жасалған талдау бойынша Қазақстандағы тек 4 экономикалық аймақты (АЭА "Астана - жаңа қала", "ПИТ", АЭА "Оңтүстік" және "Ақтау теңіз порты") табысты деп атауға болады.
"Бұл аймақтар Қазақстандағы барлық арнайы экономикалық аймақтарда өндірілетін өнімнің басым бөлігін қамтамасыз етеді. Қалған арнайы экономикалық аймақтар мен көптеген индустриалды аймақтар базалық инфрақұрылымның жетіспеушілігіне және басқа да проблемаларға байланысты белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отыр. Отандық АЭА-ның инфрақұрылыммен қамтылуының орташа көрсеткіші 70%-дан асады", - деп мәлімдеді ERI сарапшылары.
Сарапшылар АЭА-лардың ағымдағы толтырылу көрсеткіші тек 40%-ды құрайтынын, оған басымдық берілген қызмет түрлеріне шектеулер себеп екенін атап өтті. Қазіргі уақытта тек "Астана - жаңа қала" және "Павлодар" аймақтары өз нысандарын 90%-дан астам толтырған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет