Еркін күрестен спорт шебері, автоблогер, кәсіпкер Бекзат Жортанов Маңғыстау облысы бойынша Грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының жұмысын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Блогер былтыр да әлеуметтік желідегі парақшасында Маңғыстау облыстық күрес бойынша мамандандырылған резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің жағдайын көрсеткен еді. Онда үгітіліп тұрған қабырғалар, су ақпайтын жуынатын бөлмелер, төбесі түсіп тұрған киім ауыстыратын орындар көрінеді.
Тура жарты жылдан кейін блогер өңірдегі спорт саласында ешқандай өзгеріс жоғын айтып, видео жариялады.
Бекзат Жортановтың айтуынша, еркін күрес Олимпиада ойындарының тізіміне кіретін спорт түрі болғанына қарамастан, әлі де жеткілікті деңгейде дамымай отыр.
"Кеше Маңғыстау облысында іріктеу жарыс өтті. Онда Грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы бар шығар, мен анық білмеймін, дегенмен басқарма бастықтарын көрмедік. Еркін күрес - олимпиадалық спорттың бір түрі, Олимпиада ойындарының тізіміндегі спорт түрлеріне қатты қараймыз делінеді. Соның ішінде ең ерекше аталғаны - бокс, еркін күрес, грек-рим күресі. Соңғы екеуі Қазақстан бойынша топ-10 спорт түріне жатады. Маңғыстау облысында еркін күрес пен грек-рим күресі өте төмен деңгейде дамыған. Осы онжылдықтың ішінде бірде-бір Азия чемпионы болсын, Әлем чемпионы болсын шықпай жатыр. Неге? Өйткені ешқандай да тартымдылық жоқ", - деді ол.
Спорт шебері ұйымдастырылып жатқан турнирлер облыстық іс-шара болса да, өте төмен деңгейде өтетініне шағымданды.
"Кеше өткен іріктеу - облыстық іс-шара, қарап тұрсаң, іріктеу жертөледе өтіп жатқан секілді. Жарық жоқ, көрермендердің жағдайы жасалмаған. Сын айтсаң, ренжиді. Кеше барып көрдік, бірде-бір басшы құрам жоқ, төрешілердің арнайы киімі жоқ, шұлықпен жүр. Жарық жоқ, тым болмаса баннерге еркін күресті насихаттайтын, облыстық іріктеудің дәрежесін көрсететін қазақша табло жоқ. Біз не дегенмен XXI ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. 2005-2007 жылдары облыстық чемпионаттар осылай өтетін еді, әлі солай. Бұл бір ауданда өткен жарыс болса, мейлі дер едік, бірақ ол Ақтау қаласында өтіп жатыр. Залда не табло жоқ, не камера жоқ. Күрестің өзіндік ережесі бар, онда міндетті түрде қайталап қарау мүмкіндігі болу керек. Яғни бұл жарыс еркін күрестің заңдылығына сай өткен жоқ деп санаймын", - деп ашуланды ол.
Автоблогер әрі спортшының ұлы да жастайынан спортқа жақын көрінеді. Оның айтуынша, ұлы қатысатын барлық турнирде қажет қаржыны өз қалтасынан төлейді, бұдан бөлек, өңірдегі спорт залдарын қалпына келтіруге жұмсалатын ақшаны ата-аналар бірлесіп шығарады.
"Менің ұлым екі дүркін облыс чемпионы, жарыстарға өзім апарамын. Барлық жерде төлейтін қаржыны өз қалтамнан шығарамын, барған жердің ешқайсынан басшы құрамды көрген жоқпын. Еркін күрес залы болсын, басқа болсын, осыдан бір жыл бұрын қандай жағдайда еді, әлі де сол күйде. Залдарды ретке келтіру үшін ата-аналардан ақша жиналады, олар болмаса спорт сүйер демеушілер бар, сол кісілерге қарап тұр. Халық шулап, әлеуметтік желіде видео жарияланса, бір-екі затты қалпына келтіре қояды да, қалғаны солай қалады", - деді ол.
Бекзат Жортанов әлеуметтік желідегі парақшасын спорт бағытында жүргізетіндіктен, оған наразы ата-аналар жиі шағымданатынын айтады.
"Әлеуметтік желіде көбіне еркін күрес туралы айтамын, сондықтан ата-аналар "неліктен осы мәселені көтермейсің?" деп көп жазады. Олар үнемі "салық төлеп отырмыз, неге қажет назар аударылмайды? Тым болмаса басшыны ауыстырмай ма? Неге комиссия тағайындап, басқа шара қабылдамайды?" деп наразылық білдіреді. Мен де бұл тақырыпты сол үшін талқылап жүрмін. Бұл тақырыпты былтыр да көтеріп, әлеуметтік желіде видео жүктеген болатынмын. Бірақ видео жүктелгеннен кейін ешқандай шара қабылданған жоқ, былтыр қалай тұрды, әлі де солай тұр. Оған қоса Маңғыстау облысы бойынша Грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы да, Маңғыстау облысы спорт басқармасы да менімен байланысқа шыққан жоқ. Дегенмен олар мені жақсы таниды", - деді ол
Еркін күрестен спорт шебері Маңғыстау облысының еркін және грек-рим күресінің жағдайын өзге қаладағылармен салыстырды.
"Ақтөбе, Шымкент, Алматы секілді қалаларға қарасақ, олар жасөспірімдерге жіті назар аударады. Яғни онда облыстық жарыстар былай тұрсын, қарапайым жарыстардың өзін өте жақсы ұйымдастырады. Қазіргі жастар неге олимпиадалық спорттарға бейім? Өйткені онда адамды өзіне тартатын дүние бар. Жастар қазір тартымдылыққа, әсімдікке қатты қызығады, мұны көрген ата-аналар балаларын еркін күрес немесе грек-рим күресіне емес, басқа спорт түрлеріне апарады. Шымкентте лига бар, онда палуандар бір-бірімен шыққан кезде есімдерін жан-жақтан атайды, белбеулерді қояды, мінберлерінің өзі қандай. Федерацияның басшы құрамдары жүреді, ерекше болып өтеді. Алматыда қарапайым турнирдің өзінде неше түрлі сыйақы беріледі. Қараған кезде көзің тояды. Спортты насихаттау деп осыны есептеймін", - деді ол.
Спортшы мұндай жағдайда жасөспірімдерден нәтиже, алтын медаль сұрау ұят екенін айтады.
"Осындай жағдайларға қарамастан, жасөспірімдерден нәтиже немесе бапкерлерінен "неге бізде медаль жоқ?" деп сұрайды. Нәтижеге жету үшін жағдай жасалмаса, қалай жеңіске жетеді? Жастар барады да күреседі, әйтеуір орын алса болды. Көрермендерге отырған кезде марқайып қарайтындай шоу керек, ал бізде сырттан орындық әкеледі де, отырғызып қояды. Адамдар залда не болып жатқанын түсінбейді. Кім шығып, кім жұдырықтасып жатқанымен шаруасы жоқ. Былық өте көп", - деді ол.
Бекзат Жортановтың сөзінше, Маңғыстау облысында еркін күрес пен грек-рим күресінен өткізілетін чемпионатта құр мақтау қағазы мен медаль беріп шығарып салады. Алайда ол жүлделі орын үшін сыйлық балаға шабыт беретінін, бұдан да мықты болатындай дайындалуға түрткі болатынын жеткізді.
"Еркін күресте адамдардың түсінігін қалыптастыру қажет. Әрине, облыстық чемпионатқа миллиард қаржы бөлінеді деп айтпаймын, бірақ белгілі бір ақша бөлінеді ғой, ол қайда? Не болмаса "Құрметті спорт басқармасы, мен мынаны істей алмаймын, бізде жарық жоқ, ертең менен көріп жүрмеңіздер" деп айтуы керек. Ал бапкерлер болса, наразылығын білдіре алмайды. Сөйлесе, жұмыстарынан айырылады. Мұндай проблеманы біз секілді елдің алдында жүрген адамдар айтпаса, кім айтады?" - деп түйіндеді маман.
Еске салайық, Бекзат Жортанов тура жарты жыл бұрын Маңғыстау облысында еркін күрес неліктен дамымай жатқанын айтып, наразылық білдірген болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз