Биыл оңтүстіктегі мақта өсірумен айналысатын шаруалардың көңілі күпті. Себебі, ақ алтынның бағасы былтырғыдан да түсіп кеткен. Жиын-терімді бастаған шаруалар биылғы баға маңдай терімізді ақтамады деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, оның үстіне зауыт иелері өткізген өнімнің ақысын толық бермейді деп қынжылады. Жетісайлық шаруаларға биыл мақта өсіру оңай соқпады. Минералды тыңайтқыш пен жанар жағар май, ағын су қымбат.
Енді жиын-терім кезінде жұмыс күші де, мақта теретін техникалар да бағаны аспандатып жіберген. Комбайндар гектарына 60-70 мың теңге алады. Ал жұмысшылар мақтаның келісін 45-50 теңгеден тереді. Бұл салыстырмалы түрде қымбат саналады. Мақтамен күн көріп отырған тұрғындар өнім алғанша миллиондаған қаражат жұмсаған.
"Гектарына 280 мың шығын шығарамыз, сонау қыстан бастап. Жер жыртуы бар, суғаруы бар. Алты миллиондай қарызымыз бар. Енді мақтаның бағасы мынандай болып тұр, 220 теңге. Былтырғы бағаға зар болып тұрмыз ғой, 250 мың теңгеге", - дейді шаруа Өскенбай Ахов.
Ала жаздайғы еңбек зая кетті деген шаруалар субсидия төленгенде мұншалықты қиналмас едік дейді. Ал мақтадан басқа дақыл егуге жер жарамайды. Ағын су да тапшы.
"Зауыт үшін жұмыс істеп жатыр халық. Өз шығынын жапса жапты, жаппаса қайтадан сол тапқан ақшаны қайтадан жерге саласың да. Қайтып зауытқа істейсің, айналысып келіп жатыр ғой. Басқа зат егейін десе жер көтермейді, сорланған", - дейді шаруа Шәкір Аманқұл.
Жауаптылар мақтаның өніміне субцидия берілмейтінін, есесіне тұқым мен тыңайтқыштың 50%-ын мемлекет өтеп беретінін айтады. Қазір өңірдегі мақта қабылдау пункттері жұмысын бастағанымен, шаруаларға толық ақшасын бере алмай отыр. Сырттан алушы келмеген соң, нақты баға да белгіленбеген.
"Өткізіп жатқан шаруалардың басым бөлігі қарызға алған мақталарды қабылдап жатырмыз. Сосын жеке өзі қарыз еместері де, өткізіп жатыр. Оларға 150 теңгеден аванс беріп жатырмыз. Бізде нақты баға жоқ", - дейді мақта қабылдау бекетінің өкілі Нұрлан Қосақбаев.
"Мысалы жеті зауыт болса, бізде нақты жұмыс істеп жатқан қазіргі таңда бес зауыт 220 теңгеден деп белгіледі. Қазір 220 теңгеден бағаны шығарды олар. Ал 100 бен 150 мың теңгенің арасында аванс беріп жатыр қазіргі таңда", - дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбеков.
Өңірдегі 21 зауыттың 200-ден астам мақта қабылдау бекеті бар. Өндіріс қожайындары жоғары баға қоя алмаймыз, қалтамыз көтермейді дейді. Сондықтан баға әзірге тек 220 теңгеден ары аспайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!