Былтыр түн тыныштығын бұзуға қатысты 94 мың дерек тіркеліп, азаматтарға 1 миллиард теңге айыппұл салынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандардың сөзінше, бұл - рекорд көрсеткіш. Биылдың өзінде 24 мың адам "шулау" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Яғни көршісін сыйламай, түнімен олардың мазасын алатындардың саны артты деуге келеді.
Елорда тұрғыны Раиса Досанованың Астанаға көшіп келгеніне 30 жылға жуықтаған. Бүгінге дейін 6-7 пәтер ауыстырған ол көпқабатты үйлердегі тыныштық тәртібін көбі сақтамайтынын айтады.
"Полиция шақырған кезіміз де болды. КСК, ОСИ арқылы шақырдық, протокол жасадық, төлеткіздік. Бірақ бәрібір кейбір көршілер оған қарамай, қайтадан 10-нан кейін жөндеу жұмыстарын жасай береді, 10-нан кейін балаларын шулатады, жатқызбайды. Әлде қоныс тойын тойлап, 3-4-ке дейін шулай береді", - деді Раиса Досанова.
Биыл осы жайтқа қатысты 24 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 345 миллион теңге айыппұл арқалапты.
"Норманы бұзғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде 437-баппен жауапкершілік қарастырылған. Жауапкершіліктің айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға 5 айлықтан, жеке кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткішке дейін болады. Яғни 5 айлық қазір бізде 18 мың теңге мөлшерінде. Ал жеке кәсіпкерлерге келсек, ол жерде ірі және орташа кәсіпкерлік бар, 370 мың шамасына тартады", - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев.
Қолданыстағы заңға сәйкес, жұмыс күндері түнгі сағат 10 мен таңғы сағат 9-ға дейін көршілердің мазасын алуға болмайды. Ал демалыс күндері түнгі 23.00 мен таңғы сағат 10 арасында шулауға тыйым салынған.
"Рұқсат етілмеген уақытта құрылыс жүргізу, музыканы қатты қою, ойын-сауық ұйымдастыру тыныштықты бұзу болып саналады. Шудың дауысы 45 децибелден аспауға тиіс. Ал оны өлшеу үшін санитариялық-эпидемиологиялық департамент мамандарына жүгіну қажет. Бұл әрине қолайсыз. Сондықтан шудың децибелын өлшеу жұмыстарын полиция органына өткізу қажет. Осылайша тәртіп сақшыларының құзыретін арттыру керек", - дейді заңгер Самал Токушева.
Сарапшылардың айтуынша, түн тыныштығын бұзатындар үшін қарастырылған айыппұл аз. Оның мөлшерін көбейту қажет. Маманның пікірінше, айыппұл қалтаға салмақ салғанда ғана азаматтар жауапкершілікті түсіне бастайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!