- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Былтыр Қожа Ахмет...
Былтыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бюджеттен қанша қаржы бөлінгені белгілі болды
Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне былтыр бюджеттен қанша қаржы бөлінгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мәселен, 2022 жылы бөлінген қаржы 34 миллион теңге аясында Гурхананың тарихи есіктерін реставрациялау жұмыстары жүргізілді. 2023 жылға республикалық бюджеттен қаржы кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге қарастырылып отыр. Ғылыми-зерттеу жұмыстары Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты, У.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты, Ботаника және фитоинтродукция институты, "Қазқайтажаңарту" мекемесінің қатысуымен жүргізіледі", - дейді комитет өкілдері Massaget.kz редакциясының ресми сауалына берген жауапта.
Ведомство өкілдерінің сөзінше, кесененің көне артефакт екенін ескерсек, оның техникалық жағдайы тұрақты бір қалыпты деңгейде тұратын болады деп біржақты айту қиын.
"Осы орайда, кесененің жағдайы әрқашанда мүдделі мемлекеттік органдардың бақылауында екенін және тиісті шаралар қолға алынып отырғанын жеткіземіз", - деп түсіндірді Мәдениет комитетіндегілер.
Еске салайық, бұған дейін депутат Мақсат Толықбай Мәжілісте Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы бүгінде мүшкіл екенін айтқан болатын. Ол кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын атап өтті.
Депутат олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұрғанын, Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтауға міндетті екенін атап өтті.
Артынша министрлік депутаттың бұл мәлімдемесіне жауап берген болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина