- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Былтыр Алматы облысында...
Былтыр Алматы облысында алты әйел тұрмыстық жанжал құрбаны болды
Алматы облысында әйелдерге қатысты қылмыстық оқиғалар жиілеп барады. Бұл әйелдерді аямайтын еркектердің саны да артып бара жатыр деген сөз. Өткен жылы облыс аумағында 43 әйел соққыға жығылған, 8 зорлау фактісі тіркелген. Ал, кісі қолынан алты нәзік жанды ажал құшты. Бұдан бөлек отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 27 қылмыс жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрмыстық зорлық- зомбылық мәселесі өте өзекті тақырып. Әлем бойынша жылына 50 000-нан астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Ал жеке басын қорғаймын деп бас бостандығынан айырылып жатқандары қаншама, олар ауыр физикалық және психикалық жарақат алып, ауруханаларға түседі. Бұл қатыгез көріністердің куәсі болған балалары да зардап шегіп жатады. Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан осындай сұмдық статистикаға өз үлесін қосуда. Елімізде әйелдердің 70%-ы өмірінде бір рет болса да зорлық-зомбылықты бастан кешірген. Алматы облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасының полиция майоры Динара Аятбекованың айтуынша осындай жағдайға ұшыраған жандар ең алдымен полицияға хабарласуы керек.
"Бізде сенім телефоны бар. Күн сайын адамдар хабарласады. Күйеуінен зәбір жапа көріп жатқан әйелдер бар. Бірақ, олар сырын сыртқа шығарғысы келмей жасырады. Десе де тұрмыстық зорлық тек ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал деп ойламау керек. Әкесі, ағасы немесе әпкесінен күн сайын ұрыс естіп, тіпті соққыға жығылып жататын жасөспірімдер де бар. Яғни, бір үйде тұрып жатқан адамдар. Бізге хабарласқанда алдымен мекен- жайын анықтаймыз. Жағдайды сұрап білеміз. Ол адам психологиялық немесе құқықтық көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Егер, жақын адамы ұрып соқса онда сот медициналық сараптама тағайындалады" дейді полиция майоры.
Ал, сараптама негізінде қылмыстық іс қозғалады. Мысалы, ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабы бойынша (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында әйелге қарсы күш көрсету жиі болады екен.
"Отбасылық жанжалдың туындауына басты себеп ішімдік пен әлеуметтік жағдайдың төмендігі. Ажырасу, суицид сынды қайғылы оқиғалар да тұрмыс қиындығынан, зорлық-зомбылық көрсету салдарына туындап жатады. Бірақ, зардап шеккен адам дер кезінде көмек сұраса, назардан тыс қалмайды. Мысалы, бұған дейін Алматы облысында тағдыр тауқыметіне ұшыраған әйелдерді қабылдайтын орталық болған жоқ. Мұндай орталық Қонаев қаласында енді ғана ашылды. Ол жерде күйеуінен немесе өзге де туыстарынан теперіш көріп, зорлықа ұшырап, жаны әбден күйзелген әйелдерге әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек тегін көрсетіледі" дейді Динара Аятбекова.
Былтыр Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 86 әйел полицияға арыз жазып, құқық қорғаушылардың көмегіне жүгінген. Олардың барлығы Алматыдағы дағдарыс орталығына орналастырылған.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы