Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2024 жылды қорытындылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Былтыр агенттік сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 238 сыртқы талдау мен сыбайлас жемқорлық мониторингін жүргізген. 2,5 мыңға жуық ұсыным енгізіліп, оның 60 пайызы орындалған.
"Былтыр 200 мәселе шешіліп, 24 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мемлекеттік сатып алулар мен қаржының мақсатты жұмсалуына мониторинг жалғасып жатыр. Агенттік 87,7 млрд теңге көлемінде тиімсіз шығындардың алдын алды", - деді Антикор төрағасы Асхат Жұмағали.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында 182 нысан бар екені белгілі болды, оның 81-і аяқталған.
"2022 жылдан бері 1 трлн 120 млрд теңгеге жуық мүлік активтері мен қаражат мемлекетке қайтарылды, оның ішінде былтыр 486,5 млрд теңге қайтарылған. 2024 жылы аяқталған істер бойынша 371,2 млрд теңге өтеліп, 28,9 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Қаражат әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға бағытталды. Осы қаражат есебінен 56 мектеп салынды", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, жуырда Антикор төрағасы Асхат Жұмағали Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайтарылған активтер, жемқорлықпен ұсталған шенеуніктер жөнінде есеп берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова