- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Былтыр 217 бала...
Былтыр 217 бала қайтарылған: депутат Амангелді Толамисов асырап алынған балалар мәселесін көтерді
Депутат Амангелді Толамисов Сенатының кезекті отырысында асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сауалына түрткі болған жағдай туралы айтты.
"Астанадағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім қалған балаларды қолдау орталығындағы іс-шараға барғанда Талдықорғандағы "Айналайын" орталығының тәрбиеленушісін көріп, мен сол Талдықорғандағы орталықтың қамқоршылар кеңесінің төрағасы болғаннан кейін әр тәрбиеленушіні жақсы танимын. Сол баланың жағдайы алаңдатты", - деді ол.
Оның айтуынша, Астана тұрғындары баланы асырап алған. Алайда олар кейін ойынан бас тартып, баланы қайтаруды жөн көрген.
Амангелді Толамисов депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.
"Бізде қазақта "жетімін жылатпаған елміз" деген аталы сөз бар. Алайда бүгінгі заман талабы бұл сөздің салмағын заңмен, белгілі бір құқықтық нормалармен айқындай түсіп, бала асырап алушы азаматтарға аса жауапты міндетін артып отыр ма? Елімізде бала асырап алуға ниет білдіргендер саны өскенімен, асырап алған баласын балалар үйіне кері қайтарушылардың саны да азаймай тұр. Кейінгі 5 жылғы статистикаға қарасақ, бұл 64 пайызға өскен, 2020 жылы 160 бала, 2021 жылы 197 бала, 2022 жылы 217 бала қайтарылған екен. Ал асырап алған баласынан бас тартқан ата-анаға мемлекет тарапынан берілген 75 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражатты мемлекетке кері қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігін айыру сияқты құқықтық жауапкершілік шаралары ғана заңда қарастырылған", - деді депутат.
Оның айтуынша, кей ата-аналар баланы асырап алып, қара жұмысқа салып жатады.
"Дегенмен баланы асырап алып, өзге ортада өмір сүруге бейімдемек болып, кейін одан бас тартқанда балаға үлкен моральдық зиян келтіріледі. Ата-ана мейірімін көрмей, онсыз да жатпар болып өскен баланың мінез құлқына кері әсер ететін жағдайлар туындайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда, "болашағына балта шапты" дегендей алғышарттар туындайды. Сонымен қатар, асырап алған немесе қамқоршылыққа алған ата-аналардың баланың жеке дамуына, яғни түрлі үйірмелер мен секцияларға апаруы, денсаулығы мен баланың жеке инициативалық талаптарын ескеру сияқты дүниелердің кейде орындалмай, керісінше, баланы қара жұмысқа салумен басқа да өз мүддесіне пайдалану сияқты жанауыртарлық мәселелер де болып жатады. Бұл ең ауырда, бірақ шешімі уақыт күттірмейтін мәселе деп ойлаймын. Артық қыламыз деп тыртық алудың басы осындай жауапсыз жауапкершілігі төмен асырап алушылар әрекетінен басталатынын ұмытпайық", - деді ол.
Депутат бұл мәселеге қатысы бірқатар шешім айтты.
"Қазіргі таңда бала асырап алушыларды арнайы қадағалаумен айналысып отырған қамқоршылық-қорғаншылық органы бар. Алайда ол мекеме қадағалау, тексеру жұмыстарымен айналысқанымен, толыққанды көмек көрсете алмай отыр. Бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауында ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстары жүргізіп отырған "Бала асырап алу" ұлттық агенттігі де бар. Бұл агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда бұл агенттіктің мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі де жетпейтіні белгілі. Бұдан келіп туындайтын мәселе - бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс жасайтын орталықтардың ауқымын кеңейтіп, әлеуметтік қызметкерлердің санын көбейту. Мемлекетіміз балалар үйін азайтып, әр балаға ата-ана қамқорлығында өсуге тиіс деген ұстанымды нығайтқан сайын қамқорлығына алып, "өз баламдай мәпелеймін" дегендердің уәдені орындай алмай, жауапкершіліктен бас тартқандардың саны да көбейіп жатқаны өкінішті. Соған байланысты мына Egov электрон үкімет порталында қазақстандағы бала асырап алу талаптары, тәртібі және қажетті рәсімдер бөлігінде қандай балаларды асырап алуға болатыны, кім асырап алушы бола аладытыны, талаптары, құжаттары жазылған. Ақпараттар қатарына асырап алған ата-ана баланы қайтарса, заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат енгізілсе деймін. Сонымен қатар, бала асырап алушы ата-аналарға арналған арнайы мамандандырылған мектеп немесе орталық жұмысын кеңейту, белгілі бір уақыттан кейін баладан бас тартқан отбасыларға заң жүзіндегі жауапкершілікті күшейту, моральдық шығын келтіргені үшін айыппұл салу, бала асырап алу мәселесін бір жүйеге келтіру", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек