Жақында желіде әйелдің баланы ішекпен қылғындырған видеосы пайда болды. Видео авторы ұлының сөйлемейтінін, қазақтың ырымы арқылы оның тілін шығаруға тырысқанын жазған. Баланы жаңа сойылған малдың ішегімен қылғындырса, оның сөйлеп кететіні рас па? Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.
Видео TikTok-қолданушы Әсем Абдиеваның парақшасында жарияланды. Осы тұста желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі бұл ырымды ескілік сен санаса, енді бірі мұндай амалдың шынымен де көмектесетінін жазған.
"Бұл ырымнан тілі шықпайды, есесіне енді қорқақ, ешкімге сенбейтін болады", "Бастары жасай ма? Ойлансаңдаршы, ішекпен қылғындырса, сөйлеп кетеді деген не ол?", "Бірінші рет естіп тұрмын, біртүрлі екен", "Шошынып қалмайды ма?", "Өзі сөйлемейтін бала, енді мүлде сөйлемейді", "Бүйткен ырымыңнан", "Енді сөйлеп кетті ме?", "Шынымен де көмектеседі", "Бұл шын, менің жиеніме көмектесті", - деп жазған олар.
@assembekbolatqyzy♬ оригинальный звук - Assem Bekbolatqyzy
Massaget.kz тілшісі әйелмен байланысқа шығып, жағдайдың егжей-тегжейін білуге тырысты.
Астана қаласының тұрғыны Әсем Абдиеваның айтуынша, 2020 жылы ұлы Хантөре дүниеге келгенде денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. Жасына толғанда бір жастағы балалар істеуі керек дүниенің бәрін орындай алған. Мәселенің бәрі кейіпкеріміз екінші сәбиін дүниеге әкелгенде басталыпты. Бұл уақытта тұңғышы 2,5 жаста болған. Ұлының ауытқуын байқаған ана бірден дәрігердің көмегіне жүгінгенде Хантөреге гиперактивтілік синдромы және назардың жетіспеушілігі, сондай-ақ сөйлеудің кешігуі диагнозы қойылған. Сонымен бүлдіршін барлығы 2 жылға жуық ем қабылдап, білікті мамандардың арқасында тілі шығыпты.
"Тілі шықпаған баланы ішекпен қылғындырса, ол сөйлеп бастайды дегенді үлкен кісілерден білдім, оған қоса өзім қызығушылық танытып, интернеттен оқыдым. Жаңа сойылған малдың ішегін балғын кезінде алып, "бисмиллә" деп айтып, сөйлемейтін баланы 3 рет қылғындырады. Бала бұл туралы білмеуі қажет, сондықтан бұл ырымды кенеттен істеген дұрыс, бұдан тіпті ата-анасы да хабарсыз болғаны абзал. Бұл ырымды нағашы жұрт жасайды", - дейді ол.
Хантөрені ішекпен қылғындыру алғаш нағашы әжесінің ойына келіпті.
"Ырымды бір ай бұрын, яғни шілденің басында жасадық. Мен үйде отырдым, бір уақытта анамның "камераны қосшы, баланы қылғындырамыз" деген сөзін естідім. Жүгіріп шықтым, анам ішекті қолына ұстап, ұлымның артынан келе жатыр екен. Анам жылдам 3 рет қылғындырды. Негізі балам өзі онсыз да сөйлейтін, бірақ белгілі бір дыбыстарға тілі келмейтін еді. Анам "немерем нақты сөйлесін, сөзге шешен" болсын деп ырымдады. Бұл баяғы заманнан бар ырым, ол тек тілі шықпаған балаларға орындалмайды, сонымен қатар "бала шешен болсын" деген ырыммен жасалады", - деді ол.
Әсем Абдиева бала сөйлеп кетуі үшін кез келген амалды қолданып көруге болатынын айтады.
"Мен жұртқа балаңызды қойдың ішегімен қылғындырыңыз, сөйлеп кетеді деп айтпаймын. Өйткені менің ұлым онсыз да сөйлейтін, біз тек "нақты сөйлесін, барлық дыбысқа тілі келсін" деп ырымдадық. Бірақ бұл ырымның зияны бар деп ойлаймын, яғни пайдасы болмаса, зияны болмайды. Ертеде логопед деген болмаған ғой, сондықтан да ата-бабаларымыз осындай іс-әрекеттерга барған. Дегенмен жалғыз ырымға сеніп отырудың да қажеті жоқ, қандай мүмкіндік шықса, бәрін пайдалану керек. Балаңызды білікті маманға да апарыңыз, ырымға да салыңыз. Ал біз ұлымды әлі де мамандарға апарамыз", - деп түсіндірді ол.
Этнограф Болат Бопайұлы қазақ халқында тілі шықпаған баланы ішекпен қылғындыру секілді ырым ежелден бар екенін растады. Оның сөзінше, мұндай ырымдар дәстүрлі сенімдерге негізделген және баланың тілінің ерте шығуы үшін жасалған. Алайда, ырым медициналық ғылым дамымаған дәуірде пайда болғандықтан, оның ешқандай да ғылыми негізі жоқ болғандықтан, заманауи медициналық көзқарас тұрғысынан қарағанда бала өміріне өте қауіпті әрі өрескел әрекет болып саналады. Этнограф осыған байланысты аталмыш ырымды қолданбаған абзал деп санайды.
"Сондықтан тозығы жеткен, тамтығы қалмаған, ғылыми негізі жоқ ескі ырымды қолданудың еш қажеті жоқ деп санаймын, өйткені жас баланың дене қуаты мен ағзасы әлсіз болады", - деді маман.
Маман ғұрыпты неліктен қауіпті санайтынын түсіндірді.
"Медицина бойынша баланың тілінің шығуы табиғи процесс, бұл процесс әр балада әртүрлі уақытта болады. Егер бала белгілі бір жасқа дейін сөйлемесе, ата-ана баланы маманға көрсеткені жөн. Логопедтер мен тіл мамандары баланың тілінің шығуына көмектесетін арнайы әдістер мен жаттығуларды қолданады.
Тілі шықпаған баланы ішекпен қылғындыру секілді өрескел ғұрыптарды қолдану адам денсаулығына зиян және қауіпті. Қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрлерінде көптеген пайдалы және әдемі ғұрыптар бар, сондықтан осындай зиян ғұрыптардан бас тартып, тек пайдалы дәстүрлерді сақтау қажет. Қазіргі заманғы медицинаның көмегімен бала тілінің шығуын қолдау әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімді", - деп қорытындылады Болат Бопайұлы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!