- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бұйрық күшін жойсын"....
"Бұйрық күшін жойсын". Шәкәрім университетінің ұжымы министр Саясат Нұрбектің шешіміне қарсы шықты
Семейдегі Шәкәрім университетінің ұжымы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің шешіміне наразылық білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы әлеуметтік желі арқылы видео үндеу жариялады. Олардың айтуынша, Шәкәрім университетінің ректоры – басқарма төрағасы Бауыржан Ердембековті ауыстыру жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығы келген.
"Біз жаңа ғана Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен таныстық. Ол бұйрықта басқарма төрағасы, университет ректоры Ерденбековті орнынан босату жөнінде жазылған екен. Осы бұйрықты ести сала біз "Бұл қайдан шыққан дүние?", "Негізі бар ма осының?" "Негізі қандай?", "Осы бұйрықты шығаратын кезде неге сүйенген?" деген сан сауал-сұрақ көз алдымыздан өтіп жатыр. Біздің айтпағымыз - небары 2 жыл 3 ай қызмет жасаған кезінде ректорымыз бұрынғы ондаған жылдар бойы атқарылмаған істерді істегенін ұжымның көзі көріп отыр. Университет болса, жайнап, жарқырап әр оқу ғимараты өзінің белгілі бір дәрежедегі қалпын, бейнесін өзгертіп, нағыз білімнің, ғылымның ордасына айналған түрі бар. Шәкәрім шаңырағы неге осындай эксперименттерге түсе береді? Біздің жазығымыз не? Ұжымның жазығы не? Неге мұндай әділетсіздік жасалады? Министр осы жөнінде бізге түсініктеме берсе дейміз. Бұйрықты таныстыруға министрліктің бірде бір өкілінің келмеуі, оны оқып таныстырып бермеуі, себептерін айтпауы ұжымның беделіне зор нұқсан келтіреді. Бұл ұжымды елемегендік, ескермегендік, сыйламағандық деп білеміз. Сондықтан министрдің бұйрығы қайта қаралса екен, өзінің күшін жойса екен деген ұсынысымыз бар", - деді ұжым атынан үндеу жолдаған филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Бауыржан Ердембеков 2021 жылғы ақпанда Шәкәрім университетінің ректоры қызметіне кіріскен.
Massaget.kz тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен бұған қатысты түсінік беруін сұрады.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан