- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бұйрық берген". Мәсімов...
"Бұйрық берген". Мәсімов қаңтар оқиғасы кезінде қалай әрекет еткені айтылды
Бас прокурор қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов қалай әрекет еткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, былтыр 5 қаңтарда Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Алматы, Қызылорда, Алматы облысындағы ҰҚКД ғимараттарынан кетуге бұйрық берген.
"Сонымен қатар, Алматы және Жамбыл облысындағы ғимараттағы адамдар кеткен. Ол жерден 3 мыңға жуық қару-жарақ ұрланған, олардың көбі әлі табылмады", - деді Асылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Айта кетейік, ҰҚК-нің бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс "өте құпия"деген белгімен тергелді. Материалдар құпияландырылды, өйткені оларда мемлекеттік құпия бар.
Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Асыловтың сөзінше, оларды жариялау Ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін.
Қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұлов:
- мемлекетке опасыздық жасау;
- билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер;
- және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша күдікке ілінді.
Бұрынғы орынбасары Ерғожин:
- билікті күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер;
- және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану бойынша күдікке ілінді.
Тағы бір бұрынғы орынбасары Осипов, сондай-ақ ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшылары өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша күдікке ілінді.
Еске салайық, былтырғы жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. Соның қатарында Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты.
Ал Бас прокуратурада Алматыда өткен жаппай тәртіпсіздік хронологиясын жасаған еді. Сол мәліметтерге сүйенсек, 4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін "Алматы-Арена" спорт кешені мен "Халық-Арена" стадионы маңында жұрт жиналған. Сағат 21.00-де жиналған адамдар қала әкімдігіне қарай қозғала бастаған. Осылайша, олар Абай, Төле би көшелерімен жүріп келе жатып, адам қосып отырған. Тәртіпсіздікке қатысушылар 5 қаңтарда Әуезов ауданының Полиция басқармасының, Алмалы ауданының Полиция басқармасы мен бөлімінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысқан. Ал кешке қарулы шабуылшылар қаланың Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуыл кезінде қылмыскерлер атыс қаруын қолданудың қаупін түсінгенімен, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасаған.
Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина