БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы операциясына байланысты шұғыл отырыс өткізеді. Отырыс дүйсенбі, 5 қаңтарда өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Синьхуаға сілтеме жасап.
Шұғыл отырыс Гринвич уақытымен 15:00-ге (Астана уақытымен 21:00 - еск.) белгіленген. Бұл туралы Сомалидің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің баспасөз хатшысы Хадиджа Ахмед мәлімдеді. Қаңтарда ай сайынғы ротация аясында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне дәл осы мемлекет төрағалық етеді.
Оқиғаның мән-жайы
Сенбіде АҚШ Венесуэлаға қарсы операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны және оның жұбайын республиканың астанасы Каракаста ұстап әкеткен. Бүгін Мадуроның Бруклиндегі тергеу изоляторына жеткізілгені белгілі болды.
Венесуэлаға жасалған шабуыл мен Мадуроның ұсталуына Түркия мен Иран пікір білдірді. Мәлімдемеде Венесуэлада болып жатқан кейінгі оқиғалар олардың жіті бақылауында екені атап өтіледі.
Венесуэладағы жағдайға қатысты Қытай да мәлімдеме жасады. Бейжің АҚШ-ты халықаралық құқықты сақтауға, басқа елдердің егемендігі мен қауіпсіздігіне қол сұғуды тоқтатуға шақырды.
АҚШ әрекеттерін Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва қатаң айыптады.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп "АҚШ-тың барлық жауына" Венесуэлада болғандай операция жасайтынын айтып, қоқан-лоққы көрсетті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz