БҰҰ бөлімшесі Н. Назарбаевтың «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында жасыл технологияларды ілгерілету бойынша халықаралық хаб құру жөніндегі идеясын қолдайды, - деп хабарлады Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Айта кету керек, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) ЮНЕП-тің Еуропа бойынша өңірлік бюросының директоры Ян Дусик және Орталық Азияға арналған субөңірлік кеңсенің директоры Наталия Алексеевамен кездесті.
А. Есімов көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбының ЮНЕП айналысатын мәселелермен үндестігін атап өтті - ол қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруімен күрес, атмосфераға шығарылатын зиянды заттар көлемін қысқарту және экология мәселелерін шешу.
«Көрмеге халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылық жоғары. ЭКСПО көрмесіне 17 халықаралық ұйым қатысады және олардың арасындағы жетеуі БҰҰ-ның ұйымдары – олар ЮНИДО, ЮНЕСКО, МАГАТЭ, БҰҰДБ, ЭСКАТО, ЮНИСЕФ, Баршаға арналған тұрақты энергетика ұйымы және т.б. Олардың барлығы халықаралық ұйымдар плазасында орналастырылатын болады. Егер Сіздер қаласаңыздар осы павильоннан орын ұсынуға әзірміз», - деді А. Есімов.
Я. Дусиктің айтуы бойынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдап алу тұрақты энергетикаға көшу тұрғысынан өте уақытылы болып табылады. Ұйымның осы тақырыпты Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесінде ілгерілету тәжірибесі бар. Онда ЮНЕП қоршаған ортаны қорғаудың жаһандық күнін өткізуге бастамашылық етті, сонымен қатар ең тұрақты және жасыл павильон байқауын өткізді. Осындай іс-шаралар Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесінде де орын ала алады.
«Сонымен бірге біз Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы базасында ұзақ мерзімдік ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырудамыз, бұл идеяны Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясында көтерген болатын. Сондай-ақ, біз көрме аяқталғаннан кейін де бірлескен жұмысты жалғастырамыз деп сенеміз», - деп сөзін қорытындылады Я.Дусик.